Қаңтар оқиғалары: Қару-жарақты өз еркімен тапсырғандар жауапкершіліктен босатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтағандар оларды ерікті түрде тапсырса және әрекеттерінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкерішіліктен босатылады. Бұл туралы қаңтар оқиғасына қатысты баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бас прокуратура қаңтар оқиғаларына қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға мониторинг жүргізеді. Азаматтар оқиғаның мән-жайын дұрыс түсінбей, жариялап жіберу жағдайлары да жиі кездесуде. YouTube желісінде Т. есімді әйел оның жұбайын қылмыстық жауапқа тарту туралы видео жариялады. Атап айтқанда, ол полиция қызметкерлері әрекетінің заңдылығы мәселесін көтеруде. Өйткені оның жұбайы өз еркімен қаруды тапсырған. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеудің кейбір мәліметтерін хабарлайын. Осы әйелдің жұбайы 6 қаңтар күні адамдар тобында ауыр қылмыс жасады деп күдіктелуде. Жамбыл облысы Полиция департаментінің ғимаратына кіріп, ол жақтан 3 Калашников автоматы мен тапанша ұрлап әкеткен», - деді Е. Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 291-бабымен қаруды ұрлау ретінде сараланады. Көрсетілген қылмыс санаты бойынша қылмыстық жауаптан босату көзделмеген.

«Естеріңізге сала кетейік, тұлғалар атыс қаруын, оқ-дәрілері мен жарылғыш заттарды сақтағаны үшін ғана, егер олар ерікті түрде тапсырылса және әрекеттерінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкерішіліктен босатылады», - деді Елдос Қилымжанов.

Айта кетейік, қазір қаңтар оқиғаларына қатысты сотқа дейінгі 3 666 тергеп-тексеру ісі бар. 162 айыпталушыға қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жолданды және 62 адам сотталды.


Соңғы жаңалықтар