Қаңтар қасіреті: 7 медицина қызметкері зардап шекті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғалары кезінде 7 медицина қызметкері зардап шегіп, 46 жедел жәрдем көлігі зақымданды. Бұл туралы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, аталған кезең ішінде 20 денсаулық сақтау нысанына шауыл жасалды. Оның ішінде Алматы қаласында 5 стационар, МСАК-тың 1 нысаны, 14 дәріхана бар. Осы аралықта 7 медицина қызметкері, оның ішінде 5-еуі Алматыда, біреуі Шымкентте және тағы біреуі Алматы облысында зардап шекті», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, 46 жедел жәрдем көлігі зақымданды. Заңымданған көліктердің басым бөлігі Алматы қаласында – 32. Сонымен қатар 4 көлік жарамсыз болып қалды.

«Төтенше жағдай кезінде қанның жеткілікті көлемін қамтамасыз ету үшін елордадан Алматы қаласындағы республикалық қан орталығына шамамен 360 доза қан жеткізілді. Бұл ахуал ушыққан жағдайда қолдануға арналған қор жасау үшін жасалды. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігімен «СҚ Фармация» компаниясының Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларындағы ірі қоймаларда тұрған дәрі-дәрмекті тәулік бойы қорғау бойынша жедел іс-шара қабылданды. Ол жерде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретін барлық дәрі-дәрмек сақталады. Сонымен қатар наркотикалық және психотропты дәрілік заттар да бар», - деді комитет төрағасы.

Бауыржан Байсеркиннің атап өтуінше, аталған кезеңде қауырт желі ұйымдастырылды. Оларға 4 мыңнан астам қоңырау түсті.


Соңғы жаңалықтар