Қаңтар айында зейнетақы қорындағы жинақтар 97 млрд теңгеге көбейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың қаңтарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары 97 млрд теңгеге көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «БЖЗҚ» АҚ-ның баспасөз орталығына сілтеме жасап.

«2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша барлық негізгі көрсеткіштер былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң сипатқа ие. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,9 триллион теңгені құрап, бір жыл ішінде 16 пайызға өсті. Жинақтардың басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан. Ал МЗЖ есебінен жиналған жинақ ақша 10,6 трлн теңгені құрады. Бір жыл ішіндегі өсім – 15 пайыз», делінген хабарламада.

Зейнетақы жүйесінің бірыңғай операторы мәліметінше, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 251,2 млрд теңгеге (өсім – 25%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 1,9 млрд теңгеге (өсім – 4%) жетті.

2020 жылдың қаңтарында зейнетақы жинақтары шамамен 97 млрд теңгеге ұлғайды.

Соңғы 12 ай ішінде зейнетақы жинақтарының табыстылығы – 6,68 пайызды, ал инфляция деңгейі – 5,6 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы оң сипатқа ие.

Зейнетақы жинақтары туралы толық ақпаратты enpf.kz сайтынан алуға болады.


Соңғы жаңалықтар