Қаңтар айында шетелге 2,6 трлн теңге аударылған – агенттік

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстаннан шетелге ауарылған қаражаттың сомасы 30 пайызға аз болды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі капиталды шығаруды бақылау шараларын күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа қатысты депутаттық сауалды қарады. Капиталды заңсыз шығаруға жол бермеу мақсатында қаржы реттеушілері - Ұлттық банк (және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп, күдікті трансшекаралық аударымдардың күшейтілген мониторингі жолға қойылды. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын елден тыс жерлерге заңсыз аудару тәуекелі жоғары күдікті операциялар 3 есе көп тоқтатылды және құқық қорғау органдарына жіберілді. Қабылданып жатқан шаралар есебінен шетелге ақша қаражатын шығарудың қандай да бір ауытқушылығы байқалмайды. Керісінше, биыл шетелге 30 пайызға аз аударылды», - деді Ж. Элиманов депутататтық сауалға жауап бере отырып.

Осы орайда ол қаңтар айында шетелдік аударымдар туралы айтып берді.

«Осылайша, күдікті және шекті операциялар туралы деректерге сәйкес, биылғы қаңтар айында шетелге аударымдар көлемі 2,6 трлн теңгені құрады (2021 жылдың сәйкес кезеңінде – 3,5 трлн теңге). Операциялардың 92 пайызы 9 елге тиесілі: АҚШ-1,1 трлн теңге; Ресей – 814 млрд теңге; Ұлыбритания – 176 млрд теңге; Қытай– 80 млрд теңге; Германия – 79,7 млрд теңге; Лихтенштейн – 44,5 млрд теңге; Швейцария – 43,8 млрд. теңге; Гонконг – 30 млрд теңге және БАӘ – 29,4 млрд теңге», - деді агенттік басшысы.

Айта кетейік, биыл ақпан айының басында Мәжіліс депутаттары қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде Қазақстаннан шетелге қандай көлемде қаржы шағарылғанын анықтау үшін сауал жолдаған болатын.

Бұл депутаттық сауалда соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылғаны атап өтілген.

Еске салсақ, ҚР Президенті Үкімет отырысында шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөнінде тапсырма берген еді.



Соңғы жаңалықтар