Қаңтар айында пойыздардан 90-нан астам жолаушы түсірілген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жыл басынан жолаушылар пойыздарынан түрлі себеппен 93 адам түсірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қаңтар айында еліміздің көлік полицейлері жолаушылар пойыздарынан 93 адамды түсіріп алған. Оның ішінде 73-і – алкогольді мас күйде болған, 25-і ұсақ бұзақылық жасаған.

Бір ғана мысал, Арал станциясында «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызынан құқық бұзушы түсірілген. Аталған пойыздың бастығы Желілік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне акті түсірген. Тексеру барысында көлік полицейлері қоғамдық орында масаң күйде болған Түркістан облысының 39 жастағы тұрғынын анықтады.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландиннің айтуынша, дәл осындай жағдай Ақмола облысының Жақсы станциясында болды. Тәртіп сақшылары «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызында алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан, осылайша қоғамдық тәртіп пен жолаушылардың тыныштығын бұзған 39 жастағы ер адамды пойыздан түсіріп алған.

«Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, құқықбұзушылар «орташа» дәрежеде масаң күйде болған. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы, яғни алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу және ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы, яғни ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, оларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, 2021 жылдың қаңтарынан 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 917 теңгені құрайды.


Соңғы жаңалықтар