Қаңтар-ақпанда инфляция 0,8 пайыз болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстан Республикасында инфляция 0,8 пайызды құрады. Бұл жайында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы екі айда 2,8, азық-түлік емес тауарларына 0,6 пайызға жоғарылады. Ал ақылы қызметтерге 1,5 пайызға төмендеді.

Ағымдағы жылдың басынан бағаның өсуі жаңа жиналған көкіністерге 28,1, ұнға 4,1, күрішке 3,1, мұздатылған балыққа, жаңа жиналған жемістерге 2,6, мәйекті ірімшікке 2,3, жұмыртқаға, нанға, құс етіне 2, макарон өнімдеріне 1,7, сары майға, шұжық өнімдеріне 1,6, жылқы етіне, ет өнімдеріне, жаңа сауылған сүтке 1,5, қой етіне, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдеріне 1,4, шошқа етіне 1,1, кондитерлік өнімдерге 0,9 пайызға белгіленді. Темекі өнімдері 4,4, салқындатылған сусындар 2,2, алкогольді ішімдіктер 2 пайызға қымбаттады. Бағаның төмендеуі құмшекерге 2,7, қарақұмық жармасына 1,3, сүзбеге 0,8 пайызға тіркелді.

Баға өсімі фармацевтикалық өнімдерге 1,9, тоқыма бұйымдарына 1,4, жеке қолданатын тауарларға, автомобильдерге 1,3, жиһаз және үйге қажетті заттарға, жуғыш және тазалағыш құралдарға, киім және аяқ киімге 1,1, тұрмыстық аспаптарға 1 пайызды құрады. Бензин 2,6, тас көмір 1,8, дизель отыны 0,8 пайызға арзандады.

Баға деңгейі құқықтық, жеке көлiк құралдарын сақтандыру қызметтеріне - 5, денсаулық сақтау қызметтеріне - 1,8, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне - 1,1, кабельдік телевизия қызметтеріне - 1, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне 0,8 пайызға өсті.

Жолаушылардың теміржол көлігімен жол жүру ақысы 5,4, әуе көлігімен 5,3 пайызға төмендеді.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер орталықтан жылытуға - 11, суық суға- 7,5, кәрізге - 6,9, ыстық суға - 6,6, электр энергиясына - 4,7, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға - 4,1, қоқыс шығаруға 3,4 пайызға төмендеді.

Соңғы жаңалықтар