Қант пен шайдың бағасын әлемдік нарық бұзуы мүмкін

None
None
АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Ертең, тамыздың 22‑сінен бастап еліміздегі қант импортына шектеу енгізілген Қазақстан Үкіметінің қаулысы өз күшіне енеді.

 2010 жылғы  сәуірдің 1‑іне дейінгі мерзімге енгізілген бұндай шектеу бойынша елімізге келетін қант импортының рұқсат етілген көлемі 54,4 мың тоннаны құрайды. Импорттың осы көлемді мөлшері де Үкімет қаулысымен  қазақстандық 24 компанияның арасында бөлініп белгіленген. Қаулы бойынша квотаның ауқымды бөлігін «Рахат» АҚ, «Баян-Сұлу» АҚ және «RG Brands Kazakhstan» ЖШС және басқа да компаниялар иеленген екен. Сонымен бірге, қаулы күшіне енгеннен кейінгі күні ҚР Кедендік бақылау комитеті заңды тұлғалардың қантты белгіленген көлемде ғана әкелуін бақылайды және тоқсан сайын Ауыл шаруашылығы мен Индустрия және сауда министрліктеріне ел аумағына әкелінген қант көлемі туралы ақпарат беруді қамтамасыз ететін болады. Сондай‑ақ, квота иеленген заңды тұлғалар шеттен әкелінген қантты мақсатсыз пайдаланған жағдайда, ҚР Үкіметі бөлінген квотаны қайта қарауы да әбден мүмкін.

Бағаны ырықтандыру әрі отандық өнімді қолдауға бағытталған Үкіметтің бұндай қадамын әркім әр саққа жүгіртіп жориды. Біреулері импортқа шектеу қою елдегі қант бағасын аспандатады десе, енді біреулер бұндай шешімді экономика үшін оңтайлы санайды. Импортқа шектеудің қолайлы саналу себебі Үкімет қаулысының арқасында отандық кәсіпорындар еркін қимылдап қалмақ. Оның үстіне ҚР Премьер‑Министрі бұған дейін де өкілетті органдарға қант бағасын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Ресми органдар да еліміздегі қант қорының жеткілікті екендігін алдыға тартуда. Дегенмен де, қант бағасы саясатындағы ұстаным әлі де толық  айқын емес секілді. Өйткені, баға саясаты мен  отандық өнімді көтермелеу шарасы бір жерден шығып, тереңнен қозғауды қажет етеді. Мәселен, отандық тәтті өндірушілер қант шығару үшін арзан болғандықтан сапасы  төмен шикізатты шетелден тасып отыр. Соның салдарынан жергілікті  шаруалардың өндірген қызылшасы арзан бағаланып, тіпті ондай дайын қызылша нақты кәдеге жаратылмай, бағасы бір болған соң да көбінесе мал бордақылауға ауып кететін сыңайлы. Ендеше алдымен шаруалардың жайын қарастыруы шарт. Олай болмаса, бәсекелестік заңы әр қашан өз дегеніне жетеді, яғни шетелден келетін арзан шикізат қазақстандық қант зауыттарын жаулайды да, қызылшаның соңына түскен қара қазақтың маңдай тері далаға кетеді.  Сол үшін де, бәсекелестікті дамыту үшін қант импортына шектеу енгізілген жағдайда отандық шаруашылықты қолдауға да қадамдар жасалуы тиіс.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, еліміздегі баға саясатына сыртқы факторлардың әсері мықты болатыны жасырын емес. Сондықтан да, алдағы уақытта қант бағасына әлемдік нарықта орын алатын жағдайдың маңызы зор болатындығын ескеру қажет. Бұлай айтудың себебі, осы аптада әлемдік нарықта қант пен шай бағасының өсуі тіркелді және одан әрі бағаның шарықтау ықтималдығы жайында біршама болжамдық ақпараттар жарық көрді. Сарапшылардың айтуынша, Үндістандағы, Кениядағы, Шри‑Ланкадағы биылғы жылғы   қуаңшылық қант қамысының азаюына, сондай‑ақ шай өнімі бағасының шарықтауына негізгі себеп болып отыр.  Сонымен бірге,  осы аптада  ИТАР-ТАСС агенттігі әлемдік нарықтағы шай бағасының тарихи шекке көтерілгенін хабарлап, тіпті оның алдағы уақыттағы жетіспеушілігі зор қауіпті тудыратындығын алдыға тартады. Оның үстіне шайға деген ұсыныс пен сұраныстың арасы айтарлықтай алшақтап кеткен. Осыған байланысты қазіргі күні қант пен шай өнімдерінің импортына аса тәуелді елдер арасында бір әбігершілік күйі орнап отырғаны шындық.

Ендеше, алдағы уақытта да әлемдік нарықтағы жағдай Қазақстанның баға саясатына  өз өрнегін салуы әбден мүмкін. Жалпы, Үкімет мұндай тосын мәселеге тез жауап қатудың, дер кезінде әрекет етудің тәжірибесін жинақтады деп айтуға болады. Әйтсе де, азық‑түлік қауіпсіздігі дегенде осы саланың тұтастай қауіпсіздігін ойлайтын кез жетті. Олай болмаса, импорт жаулап алған бір ғана затқа бағаның көтерілуі қалған нарыққа әсер етпей қоймайды.

Соңғы жаңалықтар