Қант өндірушілерге қосылған құн салығы бойынша жеңілдік мерзімі ұзартылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Балық өңдеушілерге қосылған құн салығын 70 пайызға азайту туралы норма ұсынылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында салық мәселесіне арналған заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түзетулердің келесі блогы отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған. Балық аулау кәсіпорындары балық өңдеген кезде қосылған құн салығын 70 пайызға азайту туралы норма ұсынылады. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады», - деді Ә. Қуантыров.

Бұдан бөлек ол қант өндірісін ынталандыру үшін қант құрағы импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылып отырғанын айтты.

«Келесі норма тазартылған алтынды сатуға қатысты. Қазір Ұлттық банкке мұндай алтынды сату қосылған құн салығынан босатылады. Осы норманы алтынды зергерлерге де сату кезінде қолдану ұсынылады», - деп нақтылады министр.

Атап айтқанда, бүгін палата депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Құжат Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.


Соңғы жаңалықтар