Қант өндіруді дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірленеді – ҚР АШМ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент тапсырмаларын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар жүйелі және жедел шаралар қабылдайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Импортты алмастыру мәселесі кешенді түрде шешіледі. Жалпы 2022 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 295 млрд теңгеге 237 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде импортталатын позициялардың 6 түрі бойынша 128,5 млрд теңгеге 81 жоба іске асырылмақ. Бұл үшін осы жобаларға жеңілдетілген кредит беру, субсидиялау, жер ресурстары мен инфрақұрылымды беру қамтамасыз етіледі», - деді министр Үкімет үйінде өткен отырыста.

Оның айтуынша, елді қантпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа суармалы жерлерді енгізу, су үнемдейтін суару технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, сондай-ақ қант қызылшасын өңдейтін қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, қант зауыттарын салу мен жаңғырту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды көздейтін Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді. Тиісінше, қант саласын мемлекеттік реттеу мен қолдау шаралары күшейтіледі.

«Ақ қант импортының және құрақ қант шикізатының өңдеу көлемі ұлғайтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, «айналым схемасы» шеңберінде, оның ішінде форвардтық келісімшарттар тетігін дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру жолымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырудың басымдығы мәселесі пысықталатын болады», - деді Е. Қарашөкеев.

Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.



Соңғы жаңалықтар