Қант қызылшасын отырғызуға әрбір облыс қатысуы тиіс - Сапархан Омаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қант өндірісі саласына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі нарықты отандық өндірістің қантымен молайту жөніндегі жоспарлар туралы айтпас бұрын, өткен 5 жылдағы жұмыс нәтижелеріне тоқтала кетуге рұқсат етіңіздер. Статистика көрсетіп отырғандай, осы уақыт ішінде қант қызылшасы егістіктерінің алаңы 9,8 есе, қант қызылшасының өнімділігі 1,3 есе, ал жалпы жиыны 20 еседен астам ұлғайды. Бұл фактілер отандық қант саласының даму әлеуетін тағы да растайды, ол үшін қант қызылшасының егіс алаңын кемінде 2 есе ұлғайту қажет. 90-шы жылдары республиканың 13 өңірінде қант қызылшасы отырғызылғанын ескере отырып, бұл жұмысқа әрбір облыс қатысуы тиіс деп есептейміз», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде отандық өндіріс қантының тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан астамын құрайды. Қант қызылшасы егістерін ұлғайту, заманауи агротехнологияларды, сапалы тұқымдарды пайдалану және техникалық қайта жарақтандыру есебінен оның өнімділігі мен сапасын арттыру арқылы ішкі нарықты молайту болжанып отыр.

«Жұмыс істеп тұрған 4 қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл және Павлодар облыстарында жаңа қант зауыттарын салу жобаларын іске асыру қосымша 180 мың тонна қант өндіру арқылы тапшылықты қысқартуға және қамтамасыз ету бойынша 80 пайызға шығуға мүмкіндік береді. Бұл халықтың қантқа деген қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге жағдай туғызады. Қазірдің өзінде инвестициялық субсидиялау, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының әр тоннасын субсидиялау түріндегі саланы қолдау шаралары қабылданды. Кешенді жоспарда саланы қолдаудың өзге де шараларын іске асыру жоспарланып отыр», - деді С. Омаров.


Соңғы жаңалықтар