Қанша көлік инспекторы жазаға тартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында өңірлік көліктік бақылау инспекциясы басшысы орынбасарының ұсталуына байланысты ҚР ИДМ Көлік комитеті мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күні кеше ғана Алматы облысы бойынша көлікті бақылау инспекциясы басшысының орынбасары және оның бірқатар бағынышты қызметкерлері жүйелі түрде пара алды деген күдікпен ұсталды.  Көлік комитетінің басшылығы барлық деңгейдегі қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың бірде-біріне төзбейді. Көлік инспекторларының арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес көптеген жылдар бойы Комитеттің басым міндеттерінің бірі болып келеді. Бұл сала сыбайлас жемқорлық тәуекеліне бейім, біз мұны білеміз және оны барынша жойып келеміз», - делінген ҚР ИДМ Көлік комитеті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Белгілі болғандай, тек 2017 жылы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін аймақтық органдардың 13 лауазымды тұлғасы тұтқындалып, олардың 8-і сотталды, соның ішінде бірнеше басшы бар.

«Былтырдан бастап Комитетте Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Ал Комитет жұмысы соңғы жылдары осы саладағы адами факторды азайтуға бағытталған. Осылайша, бүгін көлікті бақылау бекеттерінің барлығы, соның ішінде жылжымалы бекеттер де бейнебақылау камераларымен жабдықталды. 2018 жылдың басынан бері Комитеттің Ахуалдық орталығы көлікті бақылау бекеттерінің жұмысында 98 заң бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде, тәртіптік жауапкершілікке 53 қызметкер тартылып, 7-і жұмыстан босатылды. Сонымен бірге, бекеттердің жұмысын бақылау үшін Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық мүшелерінің қатысуымен жұмыс топтары құрылған. Олар бекеттерді құпия түрде тексереді», - деп атап өтілген ведомство мәліметінде.

Былтыр жыл соңында Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін мониторингілеу және жою басқармасы құрылған болатын. Оның көмегімен сыбайлас жемқорлық заң бұзушылығын жасау күдігімен 5 факт анықталды. Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін 84 факт тағы бар. Көлікті бақылау органдарының 39 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Заң бұзушылықпен күресте ең басты шарт - инспекторлардың ауыр жүк көліктерін себепсіз тоқтатуларын жою. Қызметкерлер қазір кімді тоқтатып, кімді өткізуін өздері біледі, осы  мәселені шешу үшін  Комитет жүйелі шара қолданатын болады. 12 қыркүйек күні Парламент Мәжілісінде республикалық маңызы бар жолдарда көлік құралдарын жаппай тоқтату тәжірибесінен бас тартуға мүмкіндік беретін Заң жобасы таныстырылды. Енді испекторлар көлік құралдарын дәлелді негізсіз тоқтата алмайды. Тексеріс себептерінің тізімі Заңмен бекітіледі», - деп хабарлады Комитет өкілдері.

Соңғы жаңалықтар