Канн лауреаты Самал Еслямова: Ойын-сауық жақсы, бірақ жұмыс қызықтырақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 71-ші Канн кинофтесивалінде «Үздік актриса» аталымында жеңіске жеткен Самал Еслямова «ҚазАқпарат» тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында өзі қатысатын болашақ жобалармен бөлісіп, өмірінде еш уақытта қандай рөлде ойнамайтындығын ашық айтты.

- Канн фестиваліндегі жеңістен кейін не өзгерді?

- Ең бірінші кезекте кесте өзгерді. Кездесулер көп бола түсті. Жазда демалуым керек еді, ал менің демалысқа қолым тимей жүр. Қазіргі гонорарым барынша стандартты. Марапат - бұл негізгі мақсат емес. Ол, долбарлап айтқанда, белгілі бір деңгей. Бұл картинаны бүкіл әлем көреді деген сөз. Дегенмен, бұл сыйлықты маған ғана бергенімен, ол бүкіл топтың, ең алдымен режиссердің, одан кейін біздің еңбегіміз. Бұл әлемдік деңгейдегі үлкен сыйлық және қыркүйек айында алғаш рет өтетін Almaty Film Festival фестивалін біз ашатындығымыз үшін бақыттымын.

- Каннда көрсетілген «Айкамен» Almaty Film Festival фетсивалінде тамашалайтын фильмнің соңғы нұсқасында айырмашылық көп болады деп ойлайсыз ба?

- Ол режиссердің түпкі ойындағыдай нағыз өнім болып шығады. Өйткені, Каннда біз толықтай аяқталмаған, жұмыс нұсқадағы туындыны көрсеттік. Оны ұйымдастырушылар іріктеп алған. Егер режиссердің тағы да 2-3 ай уақыты болғанда ол туындыны жетілдіре түсуін жалғастырар еді. Дегенмен, қазір барлығы да жасалып болды.

- Сіздің «Қызғалдақ» және «Айка» фильмдеріне түскеніңізді көпшілік біледі. Ал мұнан бөлек тағы қандай фильмдерде ойнадыңыз? Олар қандай рөл болды? Сергей Дворцевойдан бөлек қандай режиссерлермен жұмыс істедіңіз?

- Соңғы 7 жылдың ішінде «Айка» фильміне ғана түстім. Өткен жылы «Қазақ батырлары» сериалында ойнадым. Қазақстанда да фильмге түсуді ойлап жүр едім. Өткен жылы сериалға кастинг жарияланғанын естіп, суретімді жібердім. Мені шақырды. «Айкамен» түсірілім жұмыстары болып, қолым тимегеннен кейін жаз айларында ғана түсірілім жұмыстарына қатысуға мүмкіншілік туды. Түсірілім жұмыстары тамызда ғана басталды, уақыт тым аз болды. Қорытындысында фильмнің басында өмірден озатын Қарасай батырдың анасының рөлін ғана сомдадым. Дегенмен, сериалға түсіп үлгергенім үшін қуаныштымын. Бұл сериал таяу уақытта көрсетіледі, оны көру өзім үшін де қызықты.

- Өзіңіз қандай фильмдерді көргенді ұнатасыз, қандай типаж қызықтырады?

- Өзіме шектеу қоймаймын. Иә, ананың рөлін сомдадым. Бірақ, барлығына да ашықпын, зор ризашылықпен түрлі рөлдерді, оның ішінде комедиялық рөлдерді де сомдауға дайынмын. Комедия - өте күрделі жанр. Басты критерий - ол қызық әрі сапалы материал болуы тиіс. Ал жалпы авторлық фильмдерді көргенді ұнатамын. Фестивальге арналған жақсы фильмде жағымсыз дүниелер көп болуы тиіс деген пікір бар. Мен онымен түбегейлі келіспеймін. Керісінше, авторлық фильмдер - бұл өмір туралы кино. Қатал сәттер болуы мүмкін және оны көрсетпеуге болмайды. Бірақ, фестивальге туындыларды іріктеушілер үшін бұл басты критерий емес. Олар фильмді көркемдік құндылықтары бойынша іріктеп алады. Соңғы туындылардан венгриялық ағайынды Дарденндердің  «Саулдің ұлы» драмасын, швед режиссері Рубен Эстлундтың өткен жылы жарық көрген «Квадрат» фильмін жақсы көремін. Кинотеатрға баруға ешқандай мүмкіншілік болмайды. Біздің өзіміздің кинозалымыз бар. Сонда киномандар тобы жиналып, түсірілімнен бос уақытта Канн, Венеция, Берлин кинофестивальдеріне ұсынылған фильмдерді көреміз.

- Қазақстанның немесе Ресейдің өзге де режиссерларынан ұсыныс көп түсе ме? Әлде Франциядан ұсыныс түскен шығар? Қазір қайда жұмыс жасап жатырсыз?

- Қызықты жобаларда қызықты адамдармен жұмыс істегенді қалаймын. Түсірілімге жиі шақырады деп айта алмаймын. Дегенмен, шақырып тұрады, тіпті театрға да шақырды. Бірақ оған еш мүмкіншілігім болмады. «Айка» картинасында мен уақыттың 99,9 пайызында кадрдамын және басқа жаққа мойын бұрар мүмкіндік жоқ. Қазір жаңа жобам бар. Қыркүйек айының басында Алматы облысында режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов драма түсіру жұмысын бастайды және онда мен басты рөлді ойнаймын. Бұған қоса, «Айка» картинасының қазақстандық прокатын ілгерілетемін.

- Қалаған рөліңізді сомдау үшін қандай нәрсеге көнесіз?

- Шашымды еш қиналмастан алып тастайтын шығармын. Ұзақ жылдардан бері шаш үлгімді өзгерткен жоқпын және шашымды қатты қысқартқым келеді. Дегенмен, бірінші орынға көркемдік құндылықты қоямын. Егер режиссер қандай да бір нәрсеге көнуімді сұраса және ол өнер үшін шынымен де қажет болса, онда сыртқы келбетімді өзгертуге де келісер едім.

- Қандай жағдайларда рөлден бас тартасыз?

- Жалаңаштануды қажет ететін қойылымдарда дублердің көмегімен ойнайтын шығармын. Мен қалай дегенде де азиялық қызбын, менталитет жағынан бұл мен үшін қиын болар еді. Мұндай өнерді де бағалаймын. Бірақ, оны жасау маған қиынға соғады. Адамзатқа зұлымдығы бар рөлдерді де ойнауға келіспес едім. Иә, жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдауға болады. Бірақ, олардың көмегімен адамдардың санасына қайырымдылықтың, зұлымдықтың қандай екендігін түсіндіресің, мәңгілік құндылықтар дәнін себесің.

- Кинодан тыс уақытыңызда немен айналысасыз?

- Мен бүкіл болмысыммен киноға берілгенмін. Достарым Мәскеуде тұрады және олар негізінен театрда жұмыс істейді, сонымен қатар киноға да түседі. Барлығымыз бірге кинопремьераларға, қойылымдарға барамыз.

- Қазақстандық кинода комедия жанры мен бандиттердің тарихына қатысты туындылар басымдыққа ие. Сіздің ойыңызша, тағы қандай  жанр танымалдыққа ие бола алар еді?

- Қазақстандық көрермендер арасында авторлық кинолар үлкен танымалдыққа ие болғанын қалар едім. Халықаралық фестиваль қатысушыларының тізімін жариялағанда және бағдарламаға Қазақстан режиссері кірген кезде қатты қуанамын. Демек, оның туындысы әлемдік деңгейге сай келеді деген сөз. Мұндай фильмдер көп бола түссе ғой. Авторлық кино өзінің көркемдік көзқарасымен, өмірді көрсетуімен тартымды бола алады. Әрине, көрерменге алуан түрлі кино өнімі қажет. Қазақстанда түсірілген комедияны тек қана елімізде ғана емес сонымен бірге шетелде де көргенін қалаймын. Бұл өте күрделі жанр әрі аса қажет те. Тек біздің ғана ділімізге түсінікті қызықты комедиялар, бүкіл әлемге түсінікті әмбебап әзіл-оспақ фильмдер бар.

- Сіздің ойыңызша, біздің кинематографтарды әлем неліктен аз таниды? Әлде біле ме?

- Оқтын-оқтын қазақстандықтар өздерін танытып жатады. Бірақ, мұндай сәттердің көп болғанын қалаймын. Ол үшін оларды жиі көрсету қажет. Румындық режиссерлар бірнеше жыл қатарынан өздерін дүркін-дүркін танытқаны есімде. Біздің киномыз жайында да жиі-жиі айтса жақсы болар еді.

- «Айка» фильмін түсіру жұмыстары неліктен ұзаққа созылды?

- Сценарий деңгейінде барлығы тыңғылықты, жақсы әзірленіп, түсірілім жұмыстары аз уақытты ғана қажет ететін кездер болады. Бізде, «Айкада» да сценарий тыңғылықты әзірленген. Бірақ, режиссер оны бейнелеу тіліне аударған кезде әдеби тілдің бейнелеу тілінен айырмашылығы болатындығын түсінді. Сол себепті түсірім алаңында бір эпизод келесісін туындатып жатады, қосу қажетті сәттер пайда болады. Режиссер барлығын өзгертіп жіберуі мүмкін.

- Болашақ актерлер мен актрисаларға не тілер едіңіз? Актерлік өнер жолында үлкен шыңдарды қалай бағындыруға болады?

- Бұл факторлардың жиынтығы. Жұлдыздар ұштасқан сәтте олар сенің жолыңды ашады. Сол кезде жұмыс істеу, еңбектену қажет. Айталық, күшің жоқ, қолыңнан келмейтіндей көрінеді. Бірақ, оған мойымай өзіңе: «Тұр, бар да жұмыс істе, жаса!» деуің керек. Егер саған жүру керек болса, онда суық немесе ыстық па, ұйқың келе ме әлде қарның аш па бәрібір жүруің керек. Басқа жол жоқ. Актерге мықты денсаулық керек. Бұл жұмыс үшін қажет, тоқтап қалуға болмайды. Оларға өз өмірлерін арнаған жұмыстарына шығармашылық табыс, жақсы, қызықты материалдар және бүкіл әлемге танымалдық тілеймін!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар