Канн кинофестивалінің жабылу күнінде қазақстандық «Анашым, мен тірімін» фильмі көрсетіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Анашым, мен тірімін» қазақстандық әлеуметтік драмасы Official Selection Cannes 7 the Art Awards 2022 іріктеу кезеңінен өтті. Осылайша Әзиз Заиров пен Мұхамед Мамыровтың фильмі 16 қазанда, Канн фестивалі жабылатын күні көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің айтуынша, соңғы үш жылда бұл - Канн кинофестивалінде ұсынылған тұңғыш қазақстандық фильм.

«Біз Канн кинофестивалі туралы біліп, өтінім берейік деп шештік. Біраз уақыттан кейін поштаға іріктеуден өтті, фильм фестивальде көрсетіледі деген хат келді. Олар қажетті материалдарды, француз тілінде субтитр дайындауды сұрады», - деді фильмнің бас продюсері Әзиз Заиров.

Фильмнің режиссерлері және сценарийшілері – Әзиз Заиров пен Мұхамед Мамырбеков. Басты рөлдерде - Сұлтанна Шеңгел, Адель Махмұтова, Ілияс Аутов, Асланби Медеулов. Қоюшы режиссерлер – Мұхамед Мамырбеков, Әзиз Заиров. Қоюшы-оператор – Қазбек Әміржанов. Көркемдік жетекшісі - Алексей Филимонов. Композитор – Әсел Омарова. Дыбыс режиссері - Илья Коробейников.

«Бұған дейін досым Мұхамед Мамырбеков екеуміз «Болу немесе болмау», «Қыз бен теңіз» фильмдерін түсірдік. Одан кейін «Анашым, мен тірімін» фильмі шықты. Бұл туындыларды «Шексіз мүмкіндіктер» әлеуметтік трилогиясына біріктірдік. Бірінші фильм – актер болуды армандайтын сал ауруына шалдыққан жігіт туралы. Ол өз арманын Гамлет монологы арқылы жүзеге асырады. Бұл фильм жеке қаражатқа түсірілген. Содан кейін мемлекеттің қолдауымен «Қыз бен теңіз» фильмі түсірілді. Ондағы басты кейіпкер де церебральды сал ауруына шалдыққан қыз. Бұл фильмдер жүлделер мен марапаттарға ие болды, соның ішінде «Қыз бен теңіз» фильмі үшін біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан сыйлық алдық», - деп бөлісті режиссер.

«Анашым, мен тірімін» - кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор әйел туралы әлеуметтік драма. Полиция қызметкері Сәуле Ысқақованың қызы балалар үйіндегі балаға ғашық болғаны Сәуле мен оның күйеуі арасында жанжалға себеп болады. Бірақ, бір күні қызы қатерлі ісікке шалдығады...

«Бұл фильм барша аналарға арналған әнұран тәріздес. Онкология мәселесін де ашып көрсеткіміз келді. Фильмді барынша қызықты, терең және философиялық етіп түсіру үшін жан-тәнімізді салуға тырыстық. Жауапкершілік жүгін арқалаған аналардың оқиғаларын баяндамақ болдық. Онкология - бұл ауру және аналардың иығына түсетін ауыр проблемалар метафорасы. Шексіз махаббатының арқасында аналар қиындықтарды жеңіп, күтпеген ерліктер жасай алады. Бұл – ана махаббатының құдіреті туралы фильм. Түсірілім алаңында жасөспірімдер мен ересек актерлерден барын салу талап етілді. Басты рөлдердің бірін қатерлі ісікке шалдыққан қыз ойнаған. Кастинг кезінде ол 13 жаста еді. Ол күрделі, эмоционалды, психологиялық сценарийді оқып, өз рөлінде өмір сүруге мәжбүр болды. Қатерлі ісік – кез келген баланың басына түсе алатын ауру. Аналарға арнап фильм түсіруді көптен бері армандағанбыз. Мен балалар үйінде өстім. Менің анам болған емес, оның не екенін білмеймін. Бірақ мен барлық аналарға әрқашан құрметпен қараймын, олардың балалары үшін, олардың тәрбиесі, дамуы үшін қалай күресетінін көремін. Құдай сақтасын, баласы ауырып қалса, анасы баласын аман алып қалу үшін барын береді», – дейді Әзиз Заиров.

25 қазанда Әзиз қазір ем алып жүрген Үндістаннан елге қайтып оралады. Келген соң, фильмнің бас продюсері туындыны қазақ көрермені назарына ұсынғысы келеді.

«Біздің көрермендер бұл фильмді көруі тиіс. Бұл ірі қалалар ғана емес, барлық аймақтардағы көрермендерге қатысты. Біз фильмнің қазақ тіліндегі тамаша нұсқасын дайындадық, сонымен қатар, ол соқыр және нашар көретін көрермендерге де лайықталған. Барлығына арналған кино. Оны бәрі көруі керек», - деп қосты Әзиз Заиров.


Соңғы жаңалықтар