Канн фестивалі: Қазақстан павильонында Самал Еслямовамен кездесу ұйымдастырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін 72-ші Халықаралық Канн фестивалі аясында Қазақстанның ұлттық павильоны жұмысын бастады. Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Достар, бүгін 72-ші Халықаралық Канн фестивалі аясында Қазақстанның ұлттық павильоны өз жұмысын бастағанын қуанышпен хабарлағым келеді. Өздеріңіз білетіндей, біз Канндағы қазақстандық павильонды 2017 жылы 70-ші Канн кинофестивалінде ұсындық және оны еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған едік. Осы уақытқа дейін Канн кинофестиваліне Ресей павильонында өз стендтерін орнатқан Қазақстан режиссерлері қатысты. Өткен жылы Канндағы павильонның жұмысы Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, биылғы жылы қазақстандық павильонның жұмысында 15-тен астам іс-шара өтеді. Оның ішінде режиссер Сергей Дворцевой және 2018 жылғы Канн фестиваліндегі үздік әйел рөлінің иегері, мақтанышымыз Самал Еслямовамен кездесу ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университеті «Кино және ТВ» кафедрасының тұсаукесері өтіп, көркем өнер саласындағы презентациялар мен зерттеулер, Қазақстандағы деректі және өмірбаяндық кинолар, Almaty film festival және «Ұшқын» студенттік кинофестиваліне қатысқан кинорежиссерлер Аян Найзабековтың «Толғау», Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Махаббат күндері», Әнуар Райбаевтың «Ақиқат сәті», Төлеген Байтукеновтың «Native Brothers» толық метражды жобалары таныстырылады.

«Қазақстандық киноның әлемдік үздік кинофестивальдердегі соңғы үлкен жеңістерінің арқасында әлемдік өндірушілер мен кино индустриясы саласындағы мамандардың шынайы қызығушылығын тудыруы біз үшін үлкен қуаныш. Әріптестеріме павильон жұмысына табыс, жаңа жемісті кездесулер, келісімшарттар мен ынтымақтастық тілеймін! Жүрегім сіздермен бірге! Ал барлығымызға жақсы әрі сапалы кино және қазақстандық таспалардың жаңа жеңістерін тілеймін, достарым!»,- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Соңғы жаңалықтар