Кандидаттардың салық мәліметтеріндегі қайшылықтар неге сайлау күні жақындаған кезде ғана анықталып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов кандидаттардың салық мәліметтеріндегі қайшылықтар неге сайлау күні жақындаған кезде ғана анықталып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кандидаттардың салық декларациясындағы сәйкессіздіктерді тіркеу кезінде анықтап, ескертуге не кедергі? Неліктен кандидат тіркеуден өтіп, үгіт-насихат кезеңіне жіберілгеннен кейін ғана салық деректері тексеріліп, үміткерліктен шығарылады?», - деп сұрады БАҚ өкілі Орталық сайлау комиссиясының мүшелерінен.

Асылбек Смағұловтың айтуынша, қазір қоғам тарапынан осы мәндес сұрақтар жиі түсіп жатқан көрінеді.

«Біреу біледі, біреу білмейді, біздің айтарымыз мынау: Бізге келіп түсетін, округтік сайлау комиссиясынан келетін мәлімет – тек анықтама. Біз сол анықтама бойынша шешім қабылдаймыз. Әрі қарай олар берген мәліметтің толықтығын, дұрыстығын тексеретін – салық органдары. Яғни салық органдары ол жерде азаматтар деректерін дұрыс көрсетпесе, дұрыс емес екені туралы мәлімет береді», - деді ОСК мүшесі.

Оның айтуынша, бұл мәселе Сайлау туралы Конституциялық заңның 89-бабымен реттеледі.

«Яғни ол біздегі Сайлау туралы Конституциялық заңның 89-бабы бойынша кандидаттардың өздерінің деректерін дұрыс бермеуі немесе қателесуі, тағы басқалары ол кісіні тіркеуден қайтадан алып тастауға құқық береді. Сондықтан біз анықтамадан басқа ештеңе көре алмаймыз», - деді Асылбек Смағұлов.

Сондай-ақ, ОСК аталмыш телевизиялық пікірсайысқа қатысушылардың тізімін мақұлдады.


Соңғы жаңалықтар