Қандай жағдайда басқа емханаға тіркелуге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Ситқазинов бүгін елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында қандай жағдайда емхананы ауыстыруға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы емханаларға тіркелгендер саны бойынша көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, №9 емханада 80 мыңнан астам адам тіркелген. Бар болғаны 2000 адам ғана тіркелген медициналық ұйымдар да бар. Тепе-теңдіктің болмауы қала тұрғындарының қалауына байланысты: бірі үйіне жақын емханаға тіркелсе, енді бірі дәрігерді таңдап тіркеледі. Адам көп тіркелген емхана соған сәйкес қаржыландырылады. Қажет болған жағдайда, яғни бөлінген қаражат игерілмесе, қаражат мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өзге емханаға аударылуы мүмкін», - дейді Айдар Ситқазинов.

Ол бір адам жылына бірнеше емхана ауыстыра алатынын айтты.

«Мысалы, 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін басқа емханаға тіркелуге уақыт беріледі. Осы уақыт аралығынд территориялық жағынан ыңғайлы немесе дәрігері көңіліңізден шығатын емханаға ауыса аласыз. Қала ішінде бір ауданнан екінші ауданға көшкен жағдайда да емхана ауыстыруға болады. Бұл жағдай белгілі бір айға, уақытқа қатысы жоқ», - дейді ол.

Сондай-ақ, филиал директоры жыл өткен сайын жеке клиникалар көбейіп келе жатқанын айтты.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры оларға қадам жасап, тіркелген адам санына қарай қаражат бөлеміз. Сондықтан жағдайыңызға қарай қандай емханаға тіркелсеңіз де, өз еркіңізде, бірақ территория бойынша таңдау қағидасын ұстануыңыз керек. Себебі бізде медициналық қызметті үйге барып көрсету түрі бар. Яғни бес жасқа дейінгі бала ауырып қалса, аяғы ауыр әйел болса дәрігер үйге өзі барады. Егер өзіңіз басқа ауданда тұрып, басқа ауданда тіркелген емхананың дәрігерін үйіңізге шақырсаңыз, дәрігер жұмысын қиындатасыз», - дейді ол.

Тағы бір ескеретін жайт, емхана азаматты басқа емханаға тіркеумен айналыспайды.

«Басқа емханаға тіркелу үшін өзіңіз баруыңыз керек. Территория бойынша сізге жақын жерден жаңа медициналық нысан ашылған жағдайда ғана емхана сізді өзі тіркеуі мүмкін», - дейді директор.


Соңғы жаңалықтар