Қандай қиын уақытта да ән үзілмеген – Жұмағаным Рахимова

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті Жұмағаным Рахимова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Жұмағаным Әбілхалыққызының айтуынша, әнсіз ғұмыр жоқ. Қандай қиын уақытта да ешқашан ән үзілмеген. Халықпен бірге мәңгі жасайтын да ән.

-Ендеше, сіздің әншілік жолыңыз қалай басталды, кімдерді ұстазым деп санайсыз?

-Бәріміз де жас болдық. Ең алдымен Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Жамал Омарова, Роза Жаманова сынды апаларымыздың әндерін тыңдап өстік. Сондай-ақ КСРО халық әртісі, молдавиялық опера әншісі Мария Биешудің әндеріне қатты ынтызар болдым. Сол кісінің даусына қатты сүйсінетін едім. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында жеке ән салу бөлімінде оқыған кезде Қазақстан халық әртісі Зейнеп Қойшыбаеваның, Орта Азия бойынша тұңғыш профессор Бекен Жылысбаев, Бибігүл Төлегенованың алдынан дәріс алдым. 1979 жылы консерваторияны бітіргеннен кейін әншілік жолымды бастап, 1980 жылы өзім жақсы көретін әншім Күләш Байсейітова атындағы республикалық байқауда бірінші орынға ие болдым. Консерваторияда оқытушылық қызмет атқардым. Елге оралғанға дейін Құрманғазы атындағы қазақ академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Қазақстан мемлекеттік филармониясы және «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің солисі болдым.

Репертуарымда 300-ден астам қазақ, орыс және шетел композиторларының ән, романстары бар.

Жалпы, әннің адам өміріндегі маңызы зор. Қандай қиындық болса да, әнді ешкім тоқтата алмайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Роза Бағланованың жауынгерлердің алдына барып, концерт бергенін аға буын жақсы біледі. Соғыс кезінде «Катюша» сияқты қаншама өлмейтін ән туды. Сондай өміршең туындылар халқымызға рух беріп, жауды күйрете жеңуге ықпал етті.

-Биыл Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясына 55 жыл толып отыр. Осы өнер ұжымының белді мүшесі, солисі ретінде әріптестеріңіз, өзіңіз жөнінде не айтар едіңіз?

-Иә, қазіргідей карантин кезінде де жұмысымыз саябырсып қалған жоқ. Біз де, жастар да онлайн концерт беріп, көрермендеріміздің көңілін көтерудеміз. Бізді әркез қолдайтын басшыларымызға рахмет. Өз басым 2009 жылы ән дүлдүлі Ғарекең, Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығына орай екі бөлімнен тұратын жеке концерт беріп едім. Биыл да сондай концерт берсем деген ойым бар. Өткен жылы Дәулеткерейдің 200 жылдығы аталып өтілсе, алда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы келе жатыр. Филармонияның 55 жылдығына орай кітап, ноталар жинағын шығару ойда бар. Мысалы, Ғарекеңнің «Қаламқас», «Сүйген сәулем», «Сүйген жар», «Оралым» сияқты әндері бар екендігі белгілі. Оған қоса ол кісі орындаған Мұхит бабамыздың «Зәуреш», «Айнамкөз» және басқа әндерін жинақ етіп шығарсақ, еш артық емес.

-Көп жыл бойы шәкірт тәрбиелеп келесіз. Олардың арасында халықаралық, республикалық деңгейде көрініп жүргендері де бар шығар?

-Сахнада жүргеніме қырық жылға жуықтаса, отыз жылдай уақыт бойы ұстаздық етіп келемін. Мамандығым әншілік болғаннан кейін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті музыкалық білім және вокал кафедрасының профессоры ретінде студенттерге академиялық ән салу және дауыс қою бойынша дәріс беремін. Осыншама уақыт ішінде қанаттанып ұшқан шәкірттерім баршылық. Олардың арасында Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде еңбек ететіндер, халықаралық, республикалық байқауларда оза шауып, бәйге алғандар бар. Әсіресе, қазіргі таңда «Астана Операның» жетекші солисіне айналған Айзада Қапонованы ерекше айтқым келеді. Жұмажан Жұлқаш та елге танымал. Қуаныш Қисметов қазір өзіммен бірге университетте ұстаздық етіп, ән шығарумен де айналысып келеді. Осылайша әр қиырда еңбектеніп жүрген ізбасарларыммен мақтана аламын.

-Барша Қазақстанға әйгілі әнші-композитор Әшір Молдағайыновтың асыл жары ретінде ол кісінің өнердегі және отбасындағы орны жөнінде не айтар едіңіз? Әшір ағаның музыкалық бай мұрасын насихаттау бағытында не істеу керек деп ойлайсыз?

-Әшекең екеуміз де Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегіміз. 1993 жылы Ақ Жайыққа қоныс аударғаннан кейін осы өңірмен біте қайнасып кеттік. Облыстық филармонияға жұмысқа тұрдық. Дәулеткерей атындағы өнер институты, облыстық қазақ драма театрының ашылып жатқан тұсы еді. Бес-алты жылдан кейін Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Міне, осындай істердің басы-қасында болдық.

Әшекең үлкен-кішіні бірдей көріп, етене араласатын, өз ортасына аса қадірлі болды. Ол кезде анам да тірі еді. Анамды қадірлеп, әкем екеуіне бірнеше ән жазды.

Жалпы, Әшекең Жайық бойында да шабыттана жұмыс істеді. Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова туралы «Нарын гүлі» атты симфониялық поэма жазып, ол Ресей сахналарында да орындалып жүр. Ақ Жайықтан түлеп ұшқан Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков сияқты ақындардың өлеңдеріне ән-романстарын жазды. Оралдық ақын Владислав Ирхинмен шығармашылық байланыс жасап, симфониялық оркестрге, хорға және жеке дауыстарға арнап жазған «Үйеңкінің бұтағы» («Кленовая ветвь») реквиемі композитордың шоқтықты туындыларының біріне айналды. Өкінішке қарай, Әшекең осындай өміршең шығармаларының жинақ болып шыққанын көзі тірісінде көре алмады.

Дегенмен «Орнында бар оңалар», басшылармен ақылдаса отырып, мерейтойларына орай академиялық, опера әншілеріне арналған республикалық байқау өткізуді қолға алдық. Соның нәтижесінде қаншама жас әншілерге жол ашылды. Республиканың түкпір-түкпірінен келіп, композитор туындыларын орындаушылар көбейді. Бұл да – оның бай мұрасын насихаттаудың бір жолы. Алдағы жылы үшінші байқауды халықаралық деңгейде өткіземіз бе деп үміттеніп отырмыз. Әрине, сопраноға келетін әндерін өз репертуарымнан түсірген емеспін.

Екеуміз қос перзент сүйдік. Ұлымыз Аспандиярдың шағын кәсібі бар. Әкесінің құрметіне «Бестерек» деп ат қойды. Қызымыз Ақбота Молдағайынова елордада Қазақ ұлттық өнер университетінің соңғы курсында оқиды. Үздік бітіре ме деп, болашағынан үлкен үміт күтіп отырмыз. Әнші, әкесіне тартқан, операға лайық даусы зор.

Сөзімнің соңында барша аналар мен аруларды мерекемен құттықтап, бәріне бақытты ғұмыр тілеймін. Мынау қиындықтан тезірек құтылып, кең жерде ән салуға жазсын деймін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!


Соңғы жаңалықтар