Қандай елдер Қытайдан келетін туристерге шектеулер енгізуде

None
None
АММАН. ҚазАқпарат – Қытайда ковидке қарсы шектеулерді азайтқаннан кейін ауру жұқтырғандар саны өсіп кеткен тұста бірқатар мемлекеттер Аспанасты елінен келетін жолаушыларға жаңа талаптар қойып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі AFP–ке сілтемемен.

Қытайдан келетін жолаушыларға Covid-19 тестіе міндеттеп, басқа да ережелерді қатаңдатқан елдерге қысқаша шолу ұсынамыз:

Америка Құрама Штаттары
5 қаңтардан бастап АҚШ Қытайдан келетін барлық жолаушыдан Covid–ке тесттен өтуді талап етеді, тесттің теріс нәтижесі екі күнге ғана жарамды. Ол болмаса соңғы 90 күнде коронавирустан жазылып шықты деген анықтама ұсынуы қажет.
АҚШ ауруларды бақылау орталығының мәліметі бойынша, бұл тестіге ПТР тестілеу немесе антигенге өзін тексеру кіреді.
Гонконг пен Макаодан келетіндерге де осы талаптар қойылады.
Еуропалық Одақ
5 қаңтардан бастап Францияға Қытайдан келетін барлық жолаушылар ұшудың алдында 48 сағаттан аспайтын уақытта жасалған ПТР тест немесе антигенге экспресс-тестінің теріс нәтижесін көрсетуі керек.
Италия мен Испания да Covid тестілеуі керек деген талап қойып отыр.
Европа елдері осы аптада жиын өткізіп, осы мәселені талқыламақшы. Ал биылдан ЕуроОдақ төрағасы болған Швеция ЕО–ға кіруге шектеу қою мәселесінде бүкіл Одаққа ортақ саясат қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Австралия
Австралия да Қытайдан, соның ішінде Гонконг мен Макаодан да келетіндерге Covid-19 теріс тест нәтижесін талап етеді. Олар мұны Бейжіңнен коронавирустың өршуі жайлы нақты ақпараттың болмауымен түсіндіріп отыр.
Канада
Канада Қытайдан келетін барлық жолаушыдан соңғы екі күнде Covid–ке тесттен өтуді талап етеді.
Біріккен Корольдік
5 қаңтарда күшіне енетін ережелерге сәйкес, Ұлыбританияға Қытайдан келетін барлық жолаушылар елге қонбай тұрып тесттен өтуі тиіс.
Ұлыбритания үкіметі сонымен бірге жаңа штамдарды анықтап отыру үшін келушілердің кейбірін қосымша тексеретінін мәлімдеді.
Израиль
Израиль Қытайдан келетін шетелдіктерден Covid тестінен өтуді талап етеді. Әуежайларда өз еркімен тексрілгісі келетіндерге арнап скрининг орталығы ашылды.
Жапония
Жапония Қытайдан келетіндерге жаңа шектеулер енгізген алғашқы елдердің бірі болды. Жапон еліне де кіру үшін коронавирусқа тестің теріс нәтижесін көрсету керек.
Ковид анықталғандар арнайы мекемелерде жеті күнге карантинге жатқызылады. Бұнымен қоса Токио құрлықтық Қытаймен арадағы рейстер санын азайтпақ.
Оңтүстік Корея
Оңтүстік Корея да Қытайдан келетіндерді жіті тексеріп, елге кірердің алдында және келген кезде тағы да Covid теріс тест нәтижесін талап етеді. Ал Гонконг пен Макаодан келетіндерге бұл ереже қатысты емес.
Үндістан
Үндістан да Қытайдан және Азияның бірқатар өзге елдерінен келгендерге Covid тестін талап етеді, теріс нәтиже елге кірмес бұрын 72 сағат ішінде алынған болуы қажет.
Марокко
Африканың солтүстігінде орналасқан Марокко елі ең қатал шараға барып отыр. Олар Қытайдан келетін жолаушыларға елге кіруге тыйым салды. Ол тыйым 3 қаңтарда күшіне еніп, одан әрі хабарлама түскенше сақталады. Елдің СІМ хабарлауынша, бұл қадам «Мароккода жаңа толқын және оның салдары болмас үшін жасалып отыр».
2022 жылғы желтоқсанда Қазақстанда коронавируспен ауыру көрсеткіші өткен аймен салыстырғанда 2,4 есе өсті. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың айтуынша, «Цербер» штамы әлемнің 65 астам елінде анықталған және бұрынғы «Омикроннан» еш ай ырмашылығы жоқ. Ол ауру жеңіл түрдегі тұмау секілді өтетінін атап өтті.
Авторы: Арсен Өтешев


Соңғы жаңалықтар