Қандай ауа райында оқушылар мектепке бармайды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қандай ауа райында оқушылар мектепке бармайтындығы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында құтқарушылар мен жол қызметтерінің өкілдері қыс мезгіліне дайындық жұмыстарының қандай деңгейде екендігін айтып берді.

«Бүгінгі таңда облыс жолдарында жиі қар басатын 386 учаске анықталды. Жалпы ұзындығы 816 шақырым болатын сол учаскелерге 20 972 метр қар ұстайтын қалқандар орнатылды. Жолда қалғандарға жедел көмек көрсету үшін жеке құрамнан 3 123 адам, 406 қар тазалағыш, 214 инженерлік, 96 эвакуациялық және 153 өтімділігі жоғары техника сақадай сай, - деді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ринат Қондыбаев.

Өңір жолдарында 19 жылыту пункті орналасқан. 4 трассалық медициналық-құтқару пункті де жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, брифинг барысында қандай ауа райында оқушылар мектепке бармайдығы түсіндірілді.

«Қолайсыз метеожағдайлар туындағанда балалар қашықтан оқытуға ауыстырылады. Сабақтарды тоқтату ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Ауа температурасы -28°C және одан төмен болғанда 1-4 сыныптарда, -32°C және одан төмен болғанда 5-9 сыныптарда, -34°C және одан төмен болғанда 0-11 сыныптар мен колледждердің I, II курстарында сабақ онлайн өткізіледі. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен колледж студенттері көшеде көктайғақ және қатты жел болған кезде мектепке бармайды», - деді ШҚО Білім басқармасының өкілі Бұлбұл Қозыбаева.


Соңғы жаңалықтар