Қандасымыз әлем қазақтары арасындағы үздік спортшылар туралы кітап шығарды

None
Фото: Дәурен Әбділдинов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қандасымыз Дәурен Бақытқажыұлының «Саңлақ» (Әлем қазақтарының үздік спортшылары) атты «Әдебиет» баспасынан жарық көрген кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұсаукесерді Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан жүргізді.

«Бүгін міне, қазақ даласының рухын асқақтататын «Саңлақ» атты кітаптың тұсаукесерін өткізіп отырмыз. Еліміздегі ғана емес, жер жүзіндегі қазақ спортшыларының басын қосқан өте ауқымды дүние, үлкен еңбек. Осыншама жерді, осыншама даланы қорғауға саңлақтарымыздың қосқан үлесі зор. Шынымен батырлық пен рух болмаған жерде бұндай даланы ұстап тұру мүмкін емес. Әлемнің 16 елінде қазақ тарландары ұлттың атын ұлықтап жатыр. Елдің рухын көтеретін – спорт»,-деп атап өтті Б. Беделхан тұсаукесер рәсімің ашылуында.

Сондай-ақ, аталмыш кітаптың тұсаукесеріне Әлем және Олимпия ойындарының қола жүлдегері, кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO International чемпионы, боксшы Қанат Ислам, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Мұрат Шаймаран, «Жасыл әлем» демалыс орнының директоры, кәсіпкер Ермек Кеңесхан қатысты.

«Менің қуанып отырған жерім - бұл кітапқа еліміздің ғана емес, әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтың арасынан шыққан спортшылар кіргені. Бұл кітап әр үйдің сөресінде тұруға тиіс, өйткені осы спортшылардың жетістіктерін оқыған бала осыларға қарап талпынып өседі. Қазақ спортына, қазақ руханиятына осындай үлкен дүние ұсынғаны үшін Дәурен бауырымызға алғыс айтуымыз керек», - деп атап өтті Мұрат Шаймаран.


Сондай-ақ, шара барысында боксшы Қанат Ислам кітапқа жоғары баға беріп, авторға алғысын айтты.

«Дәурен бауырымыздың көз майын тауысып жазған бұл дүниесі - үлкен еңбек, ерен ерлік. Намыс пен батырлық рингте жүрген бізге ғана тән емес, ол әр қазақтың бойында болуы тиіс, мейлі ол спортта, бизнесте әлде билікте жүрсін. Алла бұйырса бұл кітапты ары қарай насихаттауға атсалысамыз деп ойлаймын», - деді ол.

Құрастырушы-автор бұл еңбекті жинақтау үшін 8 жылға жуық уақыт кеткенін, бірнеше елде болып, спортшылармен тілдесіп, сұхбаттасқанын тілге тиек етті.

«Кітапқа қазақтың күш атасы атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлы, ең алғаш олимпиадаға қатысқан Моңғолиядағы желаяқ апамыз Алданыш Рамазанқызы, ең алғашқы олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхаммед, ішегін сүйретіп жүріп алыппен алысқан Қытайдағы қазақ палуаны Серік Қожабайұлы бастаған шетелдегі 150-ге жуық тарлан спортшы, бұрынғы Кеңес одағы мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстаннан әлемдік, олимпиадалық додаларда топ жарған спортшыларды негіз еткен 350-ден астам, жалпы 16 мемлекеттен 500 қазақ спортшысының дерегін топтадық. Ең алғаш бұл кітаптың бастамасын 2016 жылы «Қытайдағы қазақ спортшылары» деген атпен шағын кітапша шығарумен бастап едім. Кейін бұл үрдіс Моңғолияда екі рет шығармашылық сапарда болып, ол жақтағы қандас спортшыларды да өз алдына шағын жинақ етіп дайындаға ұласты. Ары қарай дерек іздеп, Өзбекстан, Қырғызстанға барып қайттым. Соңында Қазақстан спортшыларын да қосып, әлемдегі барлығы болмаса да, біраз қазақ спортшыларын бір «шаңырақ» астына жинап-топтап, міне, бүгін өздеріңізге «Саңлақ» деген атпен ұсынып отырмын»,- деп ағынан жарылды автор.


Әрине, бұл осынша ғана қазақ спортшысы бар дегенді білдірмесе керек.

«Мүмкіндіктің шектеулі болуы байланысты әлі де талай тұлғалар осы топтамадан тыс қалды. Сол үшін есімі еленбей емес, енбей қалған қалған саңлақтардан кешірім сұраймын. Келесі кезеңде осы олқылықтың орны толады-ау деген ойдамын. Ол енді алдағы күннің еншісінде», - деді бұл туралы Дәурен Бақытқажыұлы.

Кітаптың тұсаукесерін алдағы күндерде Астана қаласында, Өзбекстанның, Моңғолия мемлекеттерінде өткізуге ұсыныстар келіп жатқанын айтады.

Айта кетейік, автор Дәурен Бақытқажыұлы – 1989 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Алты кітаптың авторы.

Шыңжаң қазақ мәдениет қоғамының және әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің мүшесі.




Соңғы жаңалықтар