Қандасымыз Ақнар Адаққызы әлем чемпионатында алтын алды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қандасымыз Ақнар Адаққызы әлем чемпионатында алтын алды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Жастар арасындағы конькимен жүгіруден 2019-2020 жылғы Әлем кубогының екі кезеңіне қатысқан Ақнар Адаққызы алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қытайда тұратын қандасымыз Ақнар Адаққызы Норвегияда өткен жастар арасындағы конькимен жүгіруден Әлем кубогының 1-ші кезеңі мен Нидерландтта өткен 2-ші кезеңінде қатарынан екі бас жүлдені қанжығалаған. Ол осы екі чемпионатта да әйелдер арасындағы 3000 метр қашықтықтағы командалық жарыста және жеке қашықтық бәсекесінде алтын медальға қол жеткізген. Ақнар Адаққызы Норвегиядағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде 3000 метрлік қашықтықтағы жарыста 4 минут 24,799 секундта келсе, Нидерландыдағы чемпионатта осы қашықтықты 4 минут 20,580 секундта бағындырған. Сонымен қатар Нидерландыда өткен әлем кубогының екінші матчында әйелдер арасындағы спринтерлік көпсайыста Ақнардың командасы қола медаль жеңіп алған.

Аақнар Адаққызы 1999 жылы Қытайдың Шыңжан өлкесінің Құттыби ауданында туған. Қазіргі күні Ақнар конькимен жүгіруден Қытай құрамасының мүшесі. Ол осы уақыттарға дейін де талай мәрте республикалық және халқаралық жарыстардың бас жүлдесін жеңіп алған.

Азия чемпионатында Жандос пен Жанаргүл қола жүлдегер атанды - kaznews.mn

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында Жандос Асқарұлы мен Б.Жанаргүл қола жүлдегер атанды, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында Моңғолия ерлер құрамасында 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жандос Асқарұлы қола жүлдегер атанды. Ол қола медаль үшін сайыста қырғыз боксшысы Е.Бақтыбекұлын 5:0 есебімен ұтып, жартылай финалда өзбекстандық боксшыдан ұтылып қалды. Ал, қыздар арасындағы -48 келі салмақта өнер көрсеткен Б.Жанаргүлде Азия чемпионатынан қола медаль иеленді. Ол, жартылай финалда ҚХР-ның спортшысына есе жіберіп алды», - деп жазады kaznews.mn.

Қытайда қазақтілінде шығатын екі журнал оқырмандарымен кездесу өткізді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытай еліндегі қазақтілінде шығатын «Шұғыла» журналы мен «Мұра» журналының редакциясы Үрімжі қаласында журналдың тұрақты авторларымен және оқырмандарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бұл жолғы іс-шара Шыңжан өлкесінің әдебиет-көркемөнер қоғамының құрылтайшылығымен шығатын «Шұғыла» және «Мұра» журналдарының алдағы уақытта таралымын көбейтіп, оқырман сұранысына сай басылымға жаңа мазмұнды шығармаларды, тың туындыларды тарту үшін ұйымдастырылған.

«...Қытай елінде қазақтілінде айына бір рет шығатын «Шұғыла» әдеби журналының 67 жылдық тарихы бар. Басылымның алғашқы саны 1953 жылы жарық көрген. Ал екі айда бір рет шығатын «Мұра» журналының оқырманмен жүздескеніне биыл 37 жыл толып отыр. Кеңес барысында «Шұғыла» журналының орынбасар бас редакторы Мәдениет Мұқатайұлы, «Мұра» журналының орынбасар бас редакторы Ақан Кәрменұлы, Бейжіңнен шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналы қазақша басылымының бас редакторы Минар Нұрлазатқызы өз басылымдарының қазіргі тыныс-тіршілгі туралы баяндама жасады», - деп жазады CNR.

Қазақстанның «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Бейбітшілік пен бітім» орталығы ашылды - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының басшысы орынбасарының бастамасымен Нұр-Сұлтандағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Бейбітшілік пен бітім» орталығы ашылды, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

«Наурызбай қажының бастамасымен, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас мүфтиінің орынбасары Марат Бектазинов мен Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі басшысы Қуанышбай Әлжіков меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес тараптар азаматтық қайшылықтарды шешу саласында әріптестік жасайтын болады. Ынтымақтастық меморандумы аясында «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері соттан бұрын іспен танысуды қолдап, жанұяның бірлігін сақтауға талпынып, консультациялық қызметтер атқарады. Сол себепті басты мешіттің «Бейбітшілік пен бітім» орталығында білікті дінбасы тағайындалды. Бұл орталық жанұялық мәселелерді шешумен айналысып, қиындықтарды жоюға талпыныс жасайды», - деп жазады parstoday.

Мәдіғайым Нұқ кір көтеруден жеке рекордын жаңалады - kaznews.mn

РФ-ның Улан-Удэ қаласында өткен кір тасын көтеруден Сергей Леонов атындағы VI бүкіл ресейлік турнирде Мәдіғайым Нұқ өзінің жеке рекордын жаңалады, деп хабарлайды Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Аталған турнирде 17 облыстан 500 ге жуық спортшы бақ сынады. Сондай-ақ, Моңғолиядан 5 спортшы қатысты. Аталмыш жарысқа Моңғолия құрамасындағы Мәдіғайым Нұқ 85 келі салмақта өнер көрсетіп 5-орын иеленіп, 32кг+32кг гир тасын көтеру арқылы өзінің жеке рекордын жаңартты. Естеріңізге салсақ, Мәдіғайым Нұқ гир спортынан Әлем кубогынан 2 қола медаль алса, 2015, 2016 жылғы әлем чемпионатында 7-орын, 2017 жылы самбо күресінен ел чемпионатының және қазақ күресінен азия чемпионатының қола жүлдегері атанған», - деп жазады kaznews.mn.

Нұр-Сұлтанда көне түркі жазуының құпиясы ашылған күн атап өтілді -TRT

Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласында көне түркі жазуының құпиясы ашылған күннің 126 жылдығы атап өтілді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Ұлы Бұдұн» қоғамы тарапынан Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында болған шарада көне түркі жазуына байланысты фильм көрсетілді. Қатысушыларға жазу тарихы жөнінде мәлімет берілді. «Ұлы Бұдұн» қоғамының төрайымы Меруерт Құрманғалиева көне түркі жазуы алғаш рет әлемге паш етілген 25 қараша күнінің Түрік Республикаларында тойлануын қалайтындарын тілге тиек етіп: «Келесі жылы осындай шаралар бүкіл түркі елдерінде өткізіледі деп ойлаймыз» деді. Елордадағы шараға түркологтар, ғалымдар, қазақ, қырғыз, ноғай, түрікмен, алтай, ұйғыр, гагауыз, татар, хакас және басқа да түркі халықтарының өкілдері қатысты», - деп жазады TRT.

Ташкентте «Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күні өтті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Қазақстанның Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастаған делегация құрамы Ташкент қаласында Өзбекстандағы «Қазақстан жылы» аясында «Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдени іс-шара өткізді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Әлішер Науаи атындағы Ұлттық кітапханадан басталған шарада, Қалдыбек Құрманәлі, Әселхан Қалыбекова, Аманхан Әлім, Қасымхан Бегман, Бекжан Әшірбаев, Көпен Әмірбек, Карима Оралова, Ақмарал Леубаева секілді өнер қайраткерлері мен ақындар шығармаларымен бөлісті. Сонымен бірге Өзбек ұлттық акамедиялық драма театрында Шымкент қаласы өнерпаздарының «Шымкенттен – шашу» атты гала-концерті өтті. Онда Шымкент қалалық мәдениет үйінің ұлт аспаптар оркестрі, «Қазына», «Шаттық» би ансамбльдерінің дайындаған хореографиялық композициялары және қазақ эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы, Шахизада Байпатшанова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков, Өзбекстан мен Қазақстанның халық әртісі Фаррух Закиров ән сүйер қауымға ұмытылмастай мерекелік көңіл-күй сыйлады», - деп жазады «ӨзА».


Соңғы жаңалықтар