Қандастардың басым бөлігі қай елден көшіп келеді – комитет есебі

None
Фото: «Отандастар қоры» баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпаат – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 1 млн 113 мың қандас көшіп келді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ілияс Испанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздік алған сәттен бері елімізге 1 млн 113 мың қандас келді. Олардың жартысынан астамы, 559 мыңы Өзбекстаннан келсе, Қытайдан – 358 мың, Түрікменстаннан – 76 мың, Моңғолиядан – 57 мың, Ауғанстаннан – 13 мың, Ресейден – 17 мың қандас келген», - деді комитет басшысы «Отандастар қорының» қоғамдық комиссиясының отырысында.

Қандастардың басым бөлігі Алматы облысына қоныстанған – 311 мың, Түркістан облысы мен Шымкент қаласына – 218 мың, Маңғыстау облысына – 164 мың, Жамбыл облысына – 93 мың, ШҚО – 54 мың, Ақмола облысына – 48 мың қандас көшкен. Астана мен Алматы қалаларына соңғы екі жылда Ресей Федерациясынан қандастар көптеп келген.

Спикердің айтуынша, қандастар қай мемлекеттен көшіп келсе, сол елге жақындау өңірлерге орналасады.

«Қазақстанға келіп-кету статистикасына келсек, елімізге жылына 7 млн шетелдік келеді және 7 млн шетелдік қайта кетеді. Шетелге шығатын қазақстандықтардың саны шамалас – 6,9 млн адам шетелге шығады және қайтып келеді. Бұл біздің айналым», - деді Ілияс Испанов.

Әлеуметтік кодекстегі «Ата жолы» картасы енгізілгенін атап өтті. Онда қандастарға 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік беріледі.


Соңғы жаңалықтар