Қандастарды қабылдау тетігі қайта қаралады - Тамара Дүйсенова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қандастарға 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану бағытында «Атамекен картасын» (АҚШ Грин картасына ұқсас) енгізу ұсынылады. Ол жоғары деңгейдегі кәсіпқой немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруды ықыласты этникалық қазақтарға берілетін болады. Мұндай азаматтар мерзімі 10 жылға дейін созылатын жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда тұрып, өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады», - деді Т. Дүйсенова.

Сонымен қатар министр қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралатынын айтты.

«Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныстандыру өңірлеріне көшіп-қонуды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылады», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан ғалымдарды жеңілдетілген тәртіптегі визалар арқылы кіргізеді.


Соңғы жаңалықтар