Қандастар Қазақстанның қай аймақтарында тұрғысы келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодаухан қандастардың қай өңірлерге көбірек көшетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2003-2007 жылдар арасындағы бес жылда 60 мың отбасыға квота белгіленген және елімізге 250 мыңнан астам қандас көшіп келді. Яғни, сол кезде жыл сайын 50 мыңнан астам этникалық қазақ көшіп келсе, қазір бұл көрсеткіш бар-жоғы 1358 адам ғана», - деді Қайрат Бодаухан «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, 2017-2020 жылдары квота саны небәрі 7 411 болса да, квотадан тыс үш жылда 2020 жылдың бастапқы 8 айын қоса есептегенде, 60 707 қандас елге қоныс аударған. Соңғы 5 жылда 70 933 қандас көшіп келген.

«Бұл ретте квота бөлінбеген 5 өңірге – Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына және Алматы мен Шымкент қалаларына 32 222 адам, ал Маңғыстау облысын есепке алғанда – 43 006 адам келген, яғни тұтас қандастар санының 61%-ы осы өңірлерге келген. Бұл сандар адамдардың өмір сүруге қолайлы аймақтарды таңдайтынын көрсетеді, яғни табиғи-климаттық және экономикалық факторларға басымдық беріледі. Туыстық қатынастардың болуы да маңызды», - дейді ғалым.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның 7 облысына 1378 этникалық қазаққа өңірлік квота беріліп отыр. 1991 жылдан бері елімізге 1 миллионнан астам қандас көшіп келген.

Қандастарды қоныстандыру үшін Қазақстанның жеті өңіріне басымдық беріліп отыр.


Соңғы жаңалықтар