Қандала шыққан мектеп директоры жұмыстан кетті -Ақтау

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтаудағы №6 мектептің оқушыларын қандала шақты деген шу шығып, кейбір ата-аналар дереу мектепті жауып, дезинфекция жасауды талап етеді. Ал, мектеп басшылығы мен санитар мамандар аталған деректі жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектепте жағдай бірқалыпты. Балалар уақтылы келіп, күндегіше сабағына барып жүр. Осылай деген мұғалімдер ешқандай қандаланың болмағанын айтты. 8-сынып оқушысының ата-анасы да бұл пікірге қосылады. Айтуынша, ұлы оқитын сынып тыныш дейді.

«Мектепке қатысты айтар шағымым жоқ. Тап-таза. Мұғалімдері де мықты. Өзімнің балам осы мектепте 1-сыныптан бері оқиды. Қандала шыққандығын кейбір сыныптың ата-аналарынан естідім»,-дейді ата-ана Елена Щелканова.

Елена Щелканованың айтуынша 9 «Д» сыныбында оқитын оқушының ата-анасы шағымданған көрінеді. Осылайша, аталған сыныптың оқушыларымен тілдесуді жөн көрдік.

«Мен жұма күні сабақта досыммен бірге отырдым. Ол кенеттен қолын бірдеңе шағып алғанын айтты. Дереу өлтіріп тастадық. Қасымыздағы оқушы қыз ғаламтордан қарап, оның қандала екенін айтты. Мұғалімге айттық. Ол назар аудармады. Әрі қарай үйге тарап кеттік»,-дейді 9 сынып оқушысы.

«Бәріміз сол күні көрдік. Суретке түсіріп алдық. Кешке біреу ата-анасына айтқан болу керек. Вацаптағы ата-аналар чатында бәрі талқылап, 10-нан астам ата-ана шағымданған»,-дейді 9 сынып оқушысы.

Ал, санитарлық мамандар жәндіктің балалармен бірге үйінен еріп келуі мүмкін,-дейді. Арнайы жүргізілген тексеріс кезінде қандала қоры анықталмапты. Егер қансорғыштың ұясы болса, бірден көбейіп, 3-4 күнде 300-ге жуық жұмыртқа тастайды екен.

«Ешқандай да іздерін, жұмыртқаларын таппадық. Бұл көбіне үйлерде, төсек-көрпеде болады. Сыныпты тексергенде іздерін байқамадым»,- дейді «Эко сити» компаниясының маманы Бақтыбай Худияров.

«Анықталған жоқ. Қандала анықталған жағдайда шаққан оқушы емханада тіркелуі керек еді. Ондай болған жоқ. Қандаланың бар-жоқтығын, дизенфекцияны қандай препараттармен жасағандығын, нормаға сай ма, соны қарадық»,-дейді Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бөлімнің жетекші маманы Жанар Лепесқызы.

Осы жағдайдан кейін мектеп директоры жұмысынан кетті. Білім басқармасының мамандары басшының кенеттен қызметін босатылуына бұл оқиға себеп болған жоқ дейді.

«Қазіргі таңда мектеп қалыпты жағдайға түскен. Алайда, бүгінгі күні басшының өз еркімен жұмыстан кетуіне байланысты 10 жылдан бері оқу әдістемелік орынбасарын орнына қойдық. Қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитеті жиналып, өз беттерімен тексеру жүргізді. Тапқан жоқ»,-дейді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Бағдат Тұрғанбаева.

Енді ата-аналардың өтініші бойынша сенбі, жексенбі күні дезинфекция жасалмақ.

Соңғы жаңалықтар