Қанат Тұрдиев: Тұрғындар қоғамдық орында маска тағуды қойды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының коронавирус инфекциясына байланысты қазіргі эпидемиологиялық жағдайының қандай екендігін ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың республикалық матрицасына сәйкес, облыс 24 шілде «қызыл» аймаққа енген.

COVID-19 пандемиясы басталғалы бері өңірде 33 224 науқас тіркелді. Оның 24369-ында ауру белгілері болса, қалғандары індетті жеңіл өткерген.

«Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 261 жағдай тіркеліп отыр. Вирусқа шалдыққандар саны бойынша Семей мен Өскемен қалалары алдыңғы орында. Семейде пандемия кезінде барлығы 9808 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырды. Ал Өскеменде жалпы науқастар саны 10163 адамды құраса, соңғы тәулікте 83 тұрғын қауіпті дертке шалдыққан», - деді Қанат Тұрдиев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта вирус жылдам тарап барады. Мұның басты себебі – өңір аумағына сырттан коронавирустың «дельта» штамының келуі.

«Бұл штамм тез тарағыш әрі адамға ауыр әсерін тигізеді. Сондай-ақ ол 60 жастан асқан қарттарға ғана емес, жастар арасында да жылдам тарап жатыр. Бұдан бөлек, кей азаматтардың карантин талаптарын мүлдем елемей, сақтық шараларына немқұрайлы қарайтыны вирус жұқтырғандардың көбеюіне әкеліп соғуда. Тұрғындар қоғамдық орында маска тағуды мүлдем қойды деуге де болады. Жеке тұрғын үйлерде халық көп жиналатын той-томалақ, туған күн кештері де жиі өткізіліп кетті», - дейді ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.


Соңғы жаңалықтар