Қанат Мусин Конституциялық Соттың судьясы болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конституцияға сәйкес Парламенттің әр палатасы Конституциялық Соттың үш судьясын қызметке тағайындайды. Олар өз қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Осы орайда ҚР Конституциясының 58-бабы 3-тармағының 7)-тармақшасына сәйкес, ҚР Конституциялық Сотының судьясы лауазымына Қанат Сергейұлы Мусинді, Еркін Әнуарұлы Оңғарбаевты және Сергей Федорович Ударцевті тағайындау туралы Парламент Мәжілісі төрағасының ұсынысы енгізілді.

Өз кезегінде депутат Арман Кожахметов ұсынылған кандидатуралар заң және құқықтық салада көп жыл еңбек еткен білікті әрі тәжірибелі мамандар екенін айтты.

«Қанат Сергейұлы Мусинді өздеріңіз жақсы білесіздер, құқықтық қорғау, әділет органдарында көп жыл еңбек етті, Парламент Мәжілісінің депутаты, комитет төрағасы болды. Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев әйгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, конституциялық реформа бойынша жұмыс тобының мүшесі. Қазіргі уақытта Еуразия Ұлттық университетінің проректоры. Сергей Федорович Ударцев те атақты ғалым, заң ғылымдарының докторы, конституциялық реформа бойынша жұмыс тобының мүшесі. Бұрын Конституциялық Соттың судьясы болған. Қазіргі таңда М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ Университетінің ғылыми зерттеу институтының директоры. Аталған кандидатураларды қарау нәтижелері бойынша Комитет оң қорытынды әзірледі. Конституцияның 57-бабы 1)-тармақшасына сәйкес, ҚР Конституциялық Сотының судьясы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы ұсынған Қ. Мусинның, С. Ударцевтің және Е. Оңғарбаевтың кандидатураларын 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындауды қолдауларыңызды сұраймын», - деді А. Қожахметов.

Жалпы отырыста палата депутаттары аталған адамдарды Конституциялық Сотының судьясы қызметіне тағайындау туралы ұсынысты қолдады.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Сергейұлы Мусин Қазақстан Республикасының Әділет министрі лауазымынан босатылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Соттың төрағасы қызметіне Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы ұсынды.

Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Э. Азимованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Сонымен қатар, бүгін Сенаттың жылпы отырысында ҚР Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды.


Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар