Қанат Исламның келесі қарсыласы туралы не білеміз
Америкалық басылымның хабарлауынша, Қанат 20 ақпан күні Майами қаласында өтетін «Miami Title Night» бокс кешінде өнер көрсетеді. Қарсыласы ганалық боксшы Ободай Саи (35-3-1, 26 КО).
Айта кетейік, 33 жастағы Ободай Саидың кәсіпқой рейнгтегі лақап аты - «Ғажайып», WBO тұжырымы бойынша орта салмақта африка чемпионы.
Африкалық боксшы кәсіпқой карьерасында 35 жекпе-жек өткізіп, үш айқасында жеңіліс тапты. Оның екеуі титулды жекпе-жек болды. Сондай-ақ, ол 2018 жылы WBO титулын жеңіп алып, 2019 жылы тамызда өткізген соңғы жекпе-жегінде конголық боксшымен тең түсті.
Қанат Ислам өткен жылы жекпе-жек өткізген жоқ. 2019 жылы отандасымыз жарақатына байланысты араға бір жыл салып, кәсіпқой боксқа қайта оралды. Сондай-ақ, ол бірінші орта салмақтан орта салмаққа ауысып, Алматыда доминикалық қарсыласы Хулио Де Хесусты (27-2, 24 КО) бірінші раундта нокаутқа жіберді.
Қанат Ислам орта салмақтағы алғашқы жекпе-жегінде WBO тұжырымы бойынша International титулын иеленіп, соңғы айқасында намибиялық Уолтер Каутондокваға (18-2, 17 КО) қарсы шығып, титулын сәтті қорғады. Қазақстандық боксшы орта салмақта әлемдік рейтингіде 14-орында тұр.