Қанат Исламмен қатар өнер көрсеткен қазақ боксшыларының рейтингі жоғарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінен кейін қазақ боксшылары Сапарбай Айдаров, Руслан Мырсатаев пен Арман Рысбектің танымал Boxrec.com сайтындағы рейтингтері жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш боксшылар Қанат Ислам-Уолтер Каутондоква бокс кешінің андеркартында жұдырықтасқан болатын.

ВКонтакте желісіндегі «Қазақстан кәсіпқой боксы» парақшасында жарияланғандай, украиналық Ярослав Мануиловты жеңген боксшы Сапарбай Айдаров (4-0, 2КО) Boxrec.com рейтингінде 526-шы орыннан 356-ға көтерілген. Ал ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев (7-0, 6КО) беларусь Юрий Быховцевтан (10-18-3, 5КО) басым түсіп, 191-ші орыннан 114-ке бірақ жоғарылады.

Boxrec.com-дағы айқын серпілісті өзбек боксшысын алғашқы 58 секундта үйіне қайтарған Арман Рысбек (7-0, 6КО) көрсетіп отыр. Кәсіпқой бокстағы жетінші жеңісінен кейін Арман 526-шы орыннан 201-ге жылжып, көрсеткішін едәуір жақсартты.

Еске сала кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам намибиялық Уолтер Каутондоквамен қолғап түйістіріп, жеңіске жеткен болатын. Айқас Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Жекпе-жек он раундқа созылды. Төрешілер шешімімен Қанат Ислам жеңіп, WBO белбеуіне қол жеткізді. Ол осылайша 27-ші рет қарсыласынан басым түсті. BoxRec рейтингіне сәйкес, Қанат 137.9 ұпаймен орта салмақта 17-орынға жайғасты (жекпе-жекке дейін Қанат 89.59 ұпаймен 41-орында болған). Ал қарсыласы Уолтер Каутондоква (18-2, 17 КО) 67.88 ұпаймен 25-орыннан 41-орынға сырғыды.

Соңғы жаңалықтар