Қанат Ислам қашан рингке шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам ҚазАқпаратқа сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Өткен жылы маңызды айқас алдында аяғымды жарақаттап алып, жекпе-жек кейінге қалғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Содан бері ем-дом қабылдадым. Ұзақ үзіліс болды. Жанкүйерлерім де менің айқасымды сағынып қалғаны анық. Қазір Аллаға шүкір, денсаулығым қалпына келе бастады. Содан мен де Алматыдағы AIBA бокс академиясында жайлап жаттығуымды бастап кеттім», - деп бастады Қанат Ислам әңгімесін.

«Жекпе-жек қашан?» деген ҚазАқпарат тілшісінің сауалына ол:

«Жақында белгілі болады. Негізі, осыған дейінгі жоспарым - елорда күніне орай бас қаламызда бір айқас өткізем деп ойлағам. Бұйырса, оның алдында АҚШ-та бір кездесу болуы мүмкін. Осыдан бірер күн бұрын АҚШ-тағы промоутер Эгис Климаспен сөйлестік, ол Америкада жекпе-жек ұйымдастыруға мүмкіндіктер қарастырып жатыр. Ол жақын арада сол жақтағы жұмыстарды нақтылап, бізге жауабын береді. Тағы бір қолға алып жатқан ісіміз - америкалық жаңа бапкермен сөйлесіп жатырмыз. Оның есімі көпке таныс - жартылай салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Роберто Гарсия. Бұл бапкермен тіл табысып жатсақ, ары қарай жекпе-жектер жалғасатын болады», - деп жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, «QAZAQ» Ислам (25-0, 20 КО) соңғы жекпе-жегін 2017 жылы 9 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда канадалық Брэндон Кукпен (20-2, 13 КО) өткізіп, нокаутпен жеңіске жеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар