Қанат Ислам: «Канеломен» рингке шығуға дайынмын

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Қанат Ислам мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасуға дайын. Бұл туралы ол Алматыда намибиялық Уолтер Каутондоквамен болатын жекпе-жекке арналған баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді. Бүгін барып төр менікі деуге болмайды. Әркімнің өз деңгейі бар. Қыран шыңға қалықтап шықса, жылан өрмелеп шығады. Жетістікке әр адам әртүрлі жолдармен келеді. Алла Тағалла біреуге бармақтай бақ береді, біреуге оны да бермейді. Бірақ біз соған тырысып жатырмыз. Әрқашан бір қадам қалған кезде, біресе жарақат алдық, артқа ысырылдық... Маған мүмкіндік берсе, мен қазір Канеломен жұдырықтасуға дайынмын»,-деді Қанат Ислам.

Оның айтуынша, рингке чемпиондармен шығу үшін қомақты қаражат пен жақсы қолдау қажет.

«Америкада 20 млн мексикалық тұрады, 10 млн филиппиндік тұрады, латынамерикалықтар, украиналықтар мен орыстар көп. Біз ол жерде жоқпыз. Солай ғой. Мен Америка халқына қызық емеспін. Тек қазақтарға ғана қызықпын. Ал енді сені Америкаға көбірек таныту үшін сенің артыңда үлкен демеушілерің болу керек... Бүгін барып алып, төр менікі деп айқайлайтын негіз жоқ. Мексикада бокс кештері, күн сайын, апта сайын өтеді. Канело өзінің 30-0 рекордын Мексикада жасап келді. Сол рекордымен оны Америкаға алып келді. Бізде өтіп жатқан бір кеш жоқ»,- деді Қанат Ислам баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Қанат Ислам чемпиондық жекпе-жектерге дайын екенін жеткізді.

«Құдай қаласа, чемпиондық атақта алыс емес. Егер мен алмасам да,басқа бауырларым алады», - деді ол.

Былғары қолғап шебері, QP бас директоры Дархан Мұхтарбекке көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, алдағы жекпе-жекте жеңіске жетуге мүмкіндік барын айтты.

«Біз әр қарсыласқа тыңғылықты дайындалдық. Бұл бокс, мұнда алдын ала болжай алмайсыз, ринг бәрін шешеді», - деді ол.

«Қазір алдағы жекпе-жекке белсенді дайындық жүруде. Қазірдің өзінде ауқымды жаттығулар өтіп жатыр. Тауда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бокс әрдайым дайындықты қажет етеді. Бұл өте ауыр жұмыс десек те болады. Жаттығулардың бәрі бірдей көрінеді, алайда дәл сол жаттығу барысында жетілдіретін, жұмыс істеу керек тұстарды анықтаймыз. Бізде әр түрлі техникалық және тактикалық әдістердің жиынтығы бар. Келесі жекпе-жекте Қанаттың қарсыласы өте салмақты, ол WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андрадені 12 раундтың бәрінде сүйретіп, азаптады. Ол 4 рет нокдаунға түсті, бірақ бәрібір орнынан тұрып жұдырықтасуды жалғастырған боксшы. Яғни, ол мықты қарсылас. Алдағы жекпе-жек өте қызықты болады, біз барлық техникалық және тактикалық арсеналымызды көрсетеміз. Біз алдын ала ешқандай болжам жасамаймыз, бірақ жеңіске жетеміз деп үміттенеміз», - деді Багаудин Беков.

Бокс кешінде танымал қазақстандық боксшылар мен АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінің өкілдерінің қатысуымен 10 жекпе-жек өтеді. Олардың арасында дебютанттар да бар. Айқас 6 раундтық, 8 раундтық болады. Кештің басты жекпе-жегінде Қанат Ислам (26-0, 21 КО) намибиялық Уолтер Каутондоквамен кездеседі. (18-1, 17 КО).

«Алматыдағы бокс QazSport және Qazaqstan арналарында, сондай-ақ QP TV тікелей эфирінде көрсетіледі», - деді Qazaq Promotions атқарушы директоры Азамат Мәди.

Бұл жекпе-жек кеші 26 қазан күні, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Басталуы 17:00-де.

Соңғы жаңалықтар