Қанат Ислам: Айқасқа тас-түйін дайынбыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде қазақ боксшысы Қанат Ислам мен канадалық Брендон Куктың қатысуымен кеңейтілген баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Баспасөз мәслихатына барлық қазақстандық боксшылары мен олардың қарсыластары жиналған. Жиынға Қанаттың қарсыласы Брендон Кук пен оның жаттықтырушысы Майк Гайет, промоутері Тайлер Бракстон да келді. Өз кезегінде Қанат Ислам айқасқа дайын екенін айтып өтті.

«Қазақстанда екінші мәрте жарыс өткізіп жатырмын. Бірінші мәрте айқасым Алматыда өтсе, елордада тұңғыш рет шаршы алаңға шығамын. Барлығы Тәуелсіздігіміздің арқасы деп ойлаймын. Барлық демеушілерге рахмет! Тәуелсіз елдің ер-азаматтары ел намысын қорғағалы отырмыз. Мақсатымыз - тек қана еліміздің абыройын көтеру, елге жеңіс сыйлау, қазақ ұлтының рухының мықтылығын бүкіл әлемге көрсете білу. Айқасқа тас-түйін дайынбыз. Осы мақсатта қаншама айтер төктік. Тек бұған ғана емес, алдымызда күтіп тұрған жекпе-жектердің барлығына дайынбыз», - деді Қанат Ислам.              

Баспасөз мәслихаты барысында сөз берілген Қанаттың қарсыласы Брендон Кук «арық сөйлеп, семіз шығуға» бел шешкен секілді. Алдағы кездесуге қатысты тілшілердің сұрағына «Бәрін де ринг көрсетеді» деп қысқа қайырды.                       

Еске сала кетсек, Қанат Ислам мен канадалық Брендон Куктың айқасы 9 қыркүйек күні «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Бокс кешінде Жаңқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Әли Ахмедов, Айдос Ербосынұлы, Димаш Ниязов пен Руслан Жаңабаев шаршы алаңға шығады.

Бокс кешіне билетті Zakazbiletov.kz және BiletAstana.kz сайты немесе «Керуен» СОСО, «Мечта» СО, «Астана Арена» СК-дегі кассаларадан алуға болады. 8 қыркүйек күні сағат 13:00-де «Хан шатыр» сауда орталығында осы жарысқа қатысатын барлық боксшылар жұбы салмақ өлшеу рәсімінен өтеді.   

Соңғы жаңалықтар