Қанат Бозымбаев елордаға келетін көгілдір отынның болжамды бағасын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сарыарқа» магистральды газ құбыры арқылы келетін көгілдір отынның 1 текше метріне елордалықтар 40-50 теңге төлеуі мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада халыққа есеп беру кездесуі барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала есебі бар. Өйткені, газ құбырының алдын ала құны белгілі. Әрине, оның да нақты құны тендер өткізілгеннен кейін анықталады. Барлығы да келісімшарт құнына тәуелді. Бұл жобаның құны техникалық-экономикалық негіздеме бойынша 267 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса, тарату желілерінің тарифі де болады. Әзірше осы құнын есептегенде тариф 44-тен 50 теңгеге дейін болады деп ойлаймыз», - деп жауап берді министр кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған сұраққа орай.

Оның айтуынша, бұл тариф еліміз бойынша ең жоғары.

«Дегенмен ол осынау магистральды газ құбырына жұмсалатын инвестицияны да жаба алмайды. Бірақ, біз жергілікті әкімдіктермен бірге тарифтың халыққа қолжетімді болуы үшін жұмыс істейміз. Тым болмағанда халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына ол қолжетімді болады», - деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, бүгін министр «Сарыарқа» магистральды газ құбырының 1 кезеңі 2019 жылдың желтоқсанында аяқталатындығын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар