Қанат Бозымбаев дизельдік отын бағасының қымбаттау себебін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев дизельдік отын бағасының қымбаттау себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство басшысы дизельдік отынның қысқы, жазғы және маусымаралық болып бөлінетінін еске салып, қысқы отын бағасын Энергетика министрлігі реттей алмайтынын жеткізді.

«Қазақстан зауыттары қысқы дизельдік отынды шығармайды және зауыттарда болған апат оның құнына ықпал етпейді. Қысқы дизельдік отын 100 пайыз Ресей Федерациясынан тасымалданады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ауа температурасы 10 градусқа төмендегенде жазғы отынды, 20 градусқа түскенде маусымаралық дизельдік отынды пайдалануға болмайды. Сол себепті, Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы апат баға түзіліміне әсер еткен жоқ.

Баспасөз мәслихатында Қазақстанға 90 мың тоннадан астам отынды импорттау қажеттігі баса айтылды.

«Жазғы отын бойынша «ҚазМұнайГаз» өз сөзінде тұрды. Жұма күні кешке «ҚазМұнайГаз» елге 24-25 мың тонна отын жеткізді. Жалпы алғанда Ресейден 80 мың тонна жазғы және маусымаралық дизельдік отын тасымалданды», - деп толықтырды сөзін Қ.Бозымбаев.

Сонымен бірге министр қазақстандық нарықтың мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Қазір Үкіметте МӨЗ жұмысы уақытша тоқтағанда пайдалану үшін дизельдік отын, жанармай, әуе керосинінің қорын құру мәселесін қарастырудамыз», - деп мәлімдеді ол. 

Ведомство басшысы  Еуразия экономикалық одағы аясындағы мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығы жанармай мен отын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі деп санайды.

Келтірілген деректерге сәйкес, қазіргі уақытта жазғы және маусымаралық дизельдік отынның бағасы - 157 теңгені, ал қысқы отынның бағасы 220-230 теңгені құрайды. 

Соңғы жаңалықтар