Қанат Бозымбаев диқандарға дизель қаншадан сатылуы керектігін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Қанат Бозымбаев биылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне дизель отыны қалай жеткізіліп жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында баяндама жасаған министрдің айтуынша, күзгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі АШМ-мен бірлесіп, дизель отынын жеткізу кестесін әзірлеген. Кестеге сәйкес, қажеттілік 395 мың тонна көлемінде бекітілген.

«Осы жылдың 29 тамызындағы жағдай бойынша дизель отынын жеткізу 48,6 пайызға орындалды. Жоспарланған 395 мың тоннаның 191,9 мың тоннасы тиеп-жөнелтілді. Ендігі кезекте қыркүйекте кесте бойынша 130,4 мың тонна, ал қазанда 19,6 мың тонна дизельді жөнелту жоспарлануда», - деді министр.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, дизельді жеткізу төлемге сәйкес жүргізіліп жатыр. Министр сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының бағасына да тоқталды.

«2019 жылдың күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының бағасы тоннасына 198 мың теңгені құрайды (164 теңге/литр, қосымша құн салығын қоса алғанда). Жеткізу мен сақтауды есепке алғанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін болжамды баға литріне шамамен 178 теңге. Бұл жанар-жағармай стансаларындағы бағаларға қарағанда 15 теңгеге арзан. Негізінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынына арзандатылған бағаны заңды түрде бекіту министрліктің құзыретіне кірмейтінін атап өту қажет. Ауыл шаруашылығы қажеттігі үшін дизель отынының арзандатылған құны жанар-жағармай нарығының қатысушыларымен келісім бойынша анықталады. Әрі оны мұнай өнімдерінің ресурс иелері өздері белгілейді», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар