Қанат Бозымбаев Бакуде өткен ОПЕК+ отырысына қатысты

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев 17-18 наурыз аралығында Бакуде өткен ОПЕК+ бірлескен министрлік мониторинг комитетінің отырысына қатысты. Бұл туралы аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Мониторинг комитетінің қатысушылары 2018 жылғы желтоқсанда қабылданған өндіру көлемін қысқарту туралы шешімнің оң әсерін атап өтті. 2018 жылғы желтоқсаннан бастап мұнай және мұнай өнімдерінің қоймалық қорларының әлемдік көлемі айтарлықтай төмендегені байқалады.

Отырыста нарықты одан әрі тұрақтандыру үшін ОПЕК+ келісіміне қатысушы барлық елдер қабылдаған міндеттемелерді сақтауды жалғастыру қажеттігі туралы да сөз болды. Қазақстан отырысқа қатысушыларға 2019 жылдың алты айының қорытындысы бойынша өндірісті қысқарту жоспарын орындау ниетін білдірді.

Сондай-ақ, мониторинг комитетінің кездесуі аясында Қ.Бозымбаев Сауд Арабиясының энергетика, өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Халид әл-Фалихпен, Әзірбайжан энергетика министрі Парвиз Шахбазовпен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, онда тараптар ынтымақтастықтың бірқатар аспектілерін талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың желтоқсанында ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді 1,2 млн баррельге қысқарту туралы кезекті шешім қабылдаған болатын. Қазақстан өндірісті 40 мың баррельге қысқарту бойынша өзіне міндеттеме қабылдап, осы шешімге қосылды.

ОПЕК+ келісімі мұнай нарығын тұрақтандыруға елеулі әсер етті. Мәміле мұнай бағасын 60-70 доллар дәлізінде бекітуге көмектесті.

Соңғы жаңалықтар