Қанат Әуесбай: «Атырау» телеарнасында экологиялық мәдениетті насихаттайтын хабар ашуды көздеп отырмыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі Президент Жолдауының жетінші тармағында экологиялық білім беру мен биоәртүрлілік туралы айтылды. Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық даму қазақстандық күн тәртібінің басым бағыты екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы экологиялық құндылықтарды қоғамда кеңінен дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

« Жолдауда айтылған қоршаған ортаға қатысты бұл аспектілердің барлығы экологиясы нашар Атырауда тұрып жатқан мен үшін де аса маңызды. Осы орайда Экологиялық кодекс жобасының жаңа редакциясы түзілуі де құптарлық. Сол арқылы еліміздегі экологиялық түйткілдердің бірталайын заңнамалық тұрғыда шешуге жол ашылғаны қуантады , - дейді «Қазақстан» РТРК АҚ Атырау филиалының директоры, белгілі журналист Қанат Әуесбай. — Экологиялық құндылықтар мәселесінің елімізде жиі айтыла бастауы - азаматтық қоғам дамуының айқын белгісі. Президент биологиялық әртүрлілікті сақтау мен рационалды пайдаланудың ұзақмерзімді жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұл үшін алдағы бес жылда орман алқабында 2 миллиард ағаш, ал елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатынын Жолдаудан біліп отырмыз. Тал-дарағы селдір Атырау үшін бұл аса өзекті мәселе екені түсінікті. Жалпыұлттық сипат алатын бұл акция сәтімен жүзеге асып, елімізді, оның ішінде Атырауды көгалдандыруға сеп болмағына сенемін» .

Қанат Әуесбай, сонымен қатар, Президент Жолдауындағы экологиялық білім беру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысты айтылған сөздер шығармашылық идея туындауына түрткі болғанын айтады:

«Қоғамда экологиялық құндылықтарды дәріптеуде ақпарат құралдарының рөлі орасан зор екені белгілі. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға негізделген экологиялық сананы қалыптастырудың алғышарты да сол болмақ. Мемлекет басшысы да мұны айқын түсініп отыр. Осы тұрғыда біз, «Атырау» телеарнасының шығармашылық ұжымымен ақылдаса келе, еліміздің батыс өңіріндегі экологиялық мәселелерді көтеріп, экологиялық мәдениетті насихаттайтын «ЭКОқоғам» хабарын ашуды көздеп отырмыз. Бүгінгі ПрезидентЖолдауында экологияға қатысты айтылған түйткілдің барлығы да осы хабардың арқауы болмақ».


Соңғы жаңалықтар