Канадалықтар Қазақстанда кең жолақты интернеттің дамуына жоғары баға берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Канаданың Қазақстандағы елшісі Николя Бруссомен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Қазақстанның инновациялық экожүйесінің қазіргі жай-күйі мен дамуы, Канадалық ІТ компанияларының Astana Hub Халықаралық технопаркімен өзара ықпалдастығының әлеуеті, отандық стартап жобаларын дамытуға венчурлық инвестицияларды тарту бойынша ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.

Канада делегациясының мүшелерін қабылдаған Асқар Жұмағалиев бүгінде елімізде әр азаматтық өмір сүру сапасын жақсарту мен экономиканы дамытуға цифрлық технологиялар арқылы қол жеткізуге бағытталған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына баса назар аударылып отырғанын тілге тиек етті.

«Осы тұрғыдан алғанда, біздің елдің ІТ саласындағы инновацияларды дамыту бойынша әлемдік көшбасшы елдердің бірі саналатын Канадамен ынтымақтас болуы екі жаққа да тиімді болары шүбәсіз. Бұдан тыс, «Astana Hub» базасында іске асырылуы мүмкін бірлескен жобалар стартаптарды дамытуға әрі оларды ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға жағдай жасайды», - деді министр.

Канада Үкіметінің инновациялық технологиялар жөніндегі бас кеңесшісі Питер Ван Дер Грахт Қазақстандағы цифрландыру үдерісінің жетістіктерін және инновациялық экожүйенің дамуын жоғары бағалады. «Қонақтарды, әсіресе, елімізде кеңжолақты интернетті енгізу қарқыны таңғалдырды. Канада үкіметі кеңесшісінің пікірінше, Қазақстан бұл жағынан әлемнің көптеген елдерінен көш ілгері келеді», - деп мәлімдейді министрліктің баспасөз қызметі.

Кездесу соңында тараптар өзара диалог құруға ашық әрі жинақталған тәжірибелері мен технологияларын бөлісуге әзір екенін білдірді.

Автор: Сара Қабиқызы

Соңғы жаңалықтар