Канадада сарапшылар Қазақстанның өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесін жоғары бағалады

None
None

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар сериясы шеңберінде Канадада онлайн конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы өңірлік және халықаралық қауіпсіздік саласындағы бастамалары мен жетістіктері талқыланды.

Конференцияны ашқан Қазақстан Елшісі Ақылбек Камалдинов еліміз ядролық қарусыздану, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласында көшбасшы деп танылғанына, және еліміздің сарбаздары БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысып жатқанына назар аударды.

Халықаралық қауымдастық Қазақстанның әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту және Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімдерін, сондай-ақ бірқатар бейбіт келіссөздерге делдал болу бастамасын жоғары бағалады.

Елші А. Камалдинов Қазақстан АӨСШК құрудың бастамашысы екенін және Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша бейбіт келіссөздер жүргізу үшін «Астана процесін» ұсынғанын атап өтті. Еліміз 2013 ж. Алматыда Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісім жасасуда және Иран мен «5+1» тобы арасындағы келіссөздердің екі раундында маңызды рөл атқарды, - деді ол.

Отандық дипломат Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсы құрылғанын, оның мақсаты ядролық соғыс қаупінен азат болашақты құруды ілгерілету болып табылатынын жеткізді.

Елші қатысушыларды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне және БҰҰ Бас Ассамблеясына есеп беретін мамандандырылған Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (IABS) құру жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен таныстырды.

Канаданың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Маргарет Скок тәуелсіздік жылдары Қазақстан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізгенін және Орталық Азияның экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Канаданың жаһандық қатынастар институтының ғылыми қызметкері Эндрю Расиулис Қазақстанның тәуелсіздіктің 30 жылындағы саяси мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін және келіссөздер жүргізу мен медиация қызметтерін ұсыну арқылы өңірлік жанжалдарды реттеуге қосқан елеулі үлесін оң сипаттады. Ол халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Нұр-Сұлтан мен Оттава ұстанымдарының ұқсастығын және бітімгершілік пен делдалдық саласында өзара іс-қимылды жолға қою мүмкіндігін атап өтті.

Н. Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев өңірлік және халықаралық қауіпсіздік саласындағы Қазақстанның саясатына егжей-тегжейлі шолу жасады. Ол еліміздің бастамасы бойынша Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрылғанын және Қазақстанның маңызды жетістігі – МАГАТЭ қамқоршылығымен өз аумағында Төмен байытылған уран банкін орналастыру болғанын ескеріп өтті.

Оның пікірінше, «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» беру жаһандық антиядролық күн тәртібін ілгерілететін маңызды бастамасы болып табылады. Қару таратпау және қарусыздану мәселелеріне аса зор үлес қосқан тұлғаларға марапат 2016 жылдан бастап әр екі жыл сайын беріледі. Сонымен қатар, ол ӘЭСИ мен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі ашық халықаралық диалогты жолға қою үдерісіне белсенді атсалысады.

Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры Әлімжан Ахметов Қазақстанның антиядролық бастамаларын егжей-тегжейлі сипаттап, біздің еліміз ядролық соғыс қаупінен азат әлем құруға ықпал ететін ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық халықаралық шарттардың, соның ішінде ЯСЖТШ, ЯҚТШ және ЯҚТСШ-ның белсенді қатысушысы болып табылатынын атап өтті. Ол Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты әзірлеуге, сондай-ақ ЯҚТШ-ның іс-қимылын қарау жөніндегі шолу конференциясының дайындық комитеттерінің отырыстарына тікелей қатысқанын атап өтті.

Қазақстанның Онтарио провинциясындағы Құрметті консулы Стэн Барти еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық жетістіктерін, сондай-ақ мемлекетіміздің көпвекторлы сыртқы саясатын жоғары бағалады.

Іс-шараны Қазақстанның Канададағы Елшілігі Карлтон университетінің Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институтымен (EURUS) және Торонто университетінің Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығымен (CERES) бірлесіп өткізді.


Соңғы жаңалықтар