Канада шайбалы хоккейден 28-мәрте әлем чемпионы атанды

None
Фото: iihf.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - Канада құрамасы Германияны жеңіп, шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында қос құрама белсенді ойын көрсетті. Бірінші кезеңде германиялық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан 7-минутта Джон-Джейсон мергендік танытты. Көп ұзамай Канада құрамасы таразы басын теңестіріп үлгерді. Бұл голды канадалық Сэмми Бле 10-минутта өз еншісіне жазды.

Екінші кезеңде де қос құрама қарқыны бәсеңдеген жоқ. Канадалық хоккейшілер бірнеше мүмкіндікті құр жіберіп алды. Салдарынан германиялық Даниэль Фишбух 33-минутта өз құрамасын алға шығарса, 37-минутта канадалық Лоусон Круэ көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Есеп - 2:2.

Үшінші кезеңде канадалық хоккейшілер қатарынан екі шайба соғып кетті. Атап айтқанда Сэмми Блэ - 44, Тайлер Тоффоли - 51, Скотт Лотон 58-минутта басымдықты арттырды.

Осылайша Канада құрамасы қарсыласынан 5:2 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, Канада құрамасы қазірге дейін 27 мәрте чемпион атанды. Сондай-ақ 16 мәрте екінші орын алса, 9 рет үздік үштіктен көрінді.

Ал Германия 1930, 1953 жылдарда «күміс» алса, 1932, 1934 жылдарда «қола» жүлдегер болды.

Еске салсақ, бұдан бұрын шайбалы хоккейден әлем чемпионатында Латвия өз тарихында тұңғыш мәрте «қола» жүлде алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасы биыл элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды.


Соңғы жаңалықтар