Канада Қазақстанға радиоактивті газдарды бақылайтын станция орнатып береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ядролық сынақ салдарынан пайда болатын радиоактивті газдардың пайда болуына мониторинг жүргізетін станция құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Энергетика министрлігі мен Канаданың Сыртқы істер, сауда және даму министрлігі Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы Шарттың орындалуына бақылауды күшейту мақсатында асыл газдардың радионуклидті мониторингі станциясын құру туралы меморандумға қол қойды. Келісімге ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев пен Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николя Бруссо қол қойды.

Канаданың аталмыш министрлігі меморандум аясында станцияны Қазақстанға қайтарымсыз негізде орнатып бермек.

"Біздің еліміз Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына (ЯСЖТСШ) алғашқылардың бірі болып қол қойған. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері Қазақстан ядролық қарусыз әлем мен оны әлемге таратпау бастамасына қолдау білдіріп келеді. Бұл бағыттағы Қазақстан мен Канаданың бірлесе салған күш-жігері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына сай келеді", - деді ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев.

Станция өңірлерде ядролық сынақ салдарынан пайда болатын радиоактивті инертті газдардың пайда болуын бақылауға мүмкіндік береді және жаппай қырып-жою қаруын әлемге таратпау режімін күшейтуге септігін тигізбек.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президентінің әлемдік қауымдастық мойындаған ядролық қаруды таратпау саясатының арқасында Канада мемлекеті Қазақстанға радионуклидтік станция орнатуды ұсынған.

Құны 1,6 млн канадалық долларды құрайтын станция 2018 жылы ҚР Энергетика министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық ядролық орталығының пайдалануына беріледі.

ҚР Ұлттық ядролық орталығы - атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және ядролық қаруды таратпау, ядролық және радиациялық қауіпсіздік бойынша Қазақстандағы жетекші ұйым болып табылады.

Соңғы жаңалықтар