Қан сұйылтатын дәрілер неге Ресейдегіден қымбат?

None
None
Нұр-Сұлтан. ҚазАқпарат - Бәсекелестікті қорғау және реттеу агенттігі дәрі дәрмек пен медициналық бұйымдар бағасын реттеудің үш жолын ұсынып отыр. ҚазАқпарат ресми органның дәрі-дәрмек бағасына қатысты талдауына шолу жасады.

Қазақстандағы ПТР-тест жасауға мүмкіндігі бар мекемелердің әлеуеті бір тәулікте 43 мың сынаманы зерттеуге қауқарлы. Бәсекелестікті қорғау және реттеу агенттігі осы әлеуеттің пандемия кезеңінде толық пайдаланылмағанына алаңдаулы. Құзырлы орган өкілдеріне ПТР-тест нарығында санаулы ғана ойыншының үстемдік орнатып алуы да ұнамай отыр. Агенттік төрағасы Серік Жұманғарин әлемде пандемия қайта өрши бастаған кезде мұндай түсініксіздіктер болмауы керек деп есептейді.

«ПТР-тест нарығында «Олимп», Ұлттық сараптама орталығы, іnvivo және бірнеше ұсақ компания жұмыс істейді. Елдегі 34 зертхананы қосқанда бұлардың барлығының қуаты тәулігіне 43 мың зерттеу жүргізуге жетеді. Бірақ біз қазір 18 мың зерттеу ғана жүргізіп отырмыз. Яғни, тек 40 пайыздай ғана қуатты пайдаланамыз. Бұл әжептәуір алаңдататын мәселе. «Олимп» нарықтағы үстем орында тұр. Үш бірдей ірі ойыншы болғандықтан, олгополиялық нарық қалыптасқан деуге болады», - дейді ол.

Артық пайда көргендер айыппұл арқалауы мүмкін

Елімізде эпидемиологиялық жағдай ушыққан кезде нарықтағы үш негізгі ойыншының біреуі бағаны тұрақты ұстап, қалған екеуінің бірнеше рет құбылтуы агенттіктің күдігін туғызса керек.

«Ұлттық сараптама орталығы сәуір айынан бері бағаны 11500 теңге мөлшерінде тұрақты ұстап келеді. Қазір «Олимптің» бағасы 12320 теңге болса, іnvivo 15000 деп қойған. Ал жазда бір ПТР-тестің бағасы 18500 теңгеден асқанын білесіз. Осы бағалардың қалай қалыптасқанын сұрағанымызда үш қатысушының деректері бір-бірінен мүлде алшақ болып шықты. Бірінде шикізат пен материал шығыны елеулі болса, екіншісінде жұмысшылардың ебңекақысы, үшіншісінде қызметкерлерге арналған киім мен қорғаныш заттарына көп шығын жұмсалған. Біз әзірге бұл ұйымдардың бухгалтериясна кірген жоқпыз. Ресми түрде тергеу бастағанша олай істеуге құқымыз жоқ. Сырттай бағалаудың өзінде бұрмалаулар бар екені көрініп тұр», - дейді агенттік төрағасы.

Зерттеу сырттай жүргізілсе де, бәсекелестікті қорғаушы орган нарық ойыншыларының берген есептерін салыстыра отырып, ең арзан ПТР-тест бағасы 8 мың теңгеден аспауы керек деген қорытындыға келіпті.

«Біз нарық субьектілеріне үш жол ұсынамыз. Біріншісі – ПТР-тест бағасын 8 мың теңгеге дейін арзандату. Оған көнбесе, баға саясаты бойынша кешенді жоспарды бірге отырып жасаймыз. Бұл тәсілмен де нарық реттелмесе, тергеу бастаймыз. Егер тергеу нәтижесінде бағаны қолдан жасау әрекеттері дәлелденсе, компанияның жыл басынан бері тапқан жалпы табысының 5 пайызын айппыұл ретінде өндіріп аламыз. Оның сыртында қолдан жасалған баға мен шынайы бағаның айырмашылығынан түскен табысты мемлекетке қайтарамыз», - дейді Серік Жұманғарин.

ПТР-тест қызметін ұсыну жеке компанияның өкілі Ерлан Сүлейменов жаздағы баға ауытқуын теңге бағамының құбылуымен байланыстырып отыр. Оның айтуынша, түскен табыстың көп бөлігі қазір зертхана инфрақұрылымын жетілдіруге жұмсалып жатқан көрінеді.

«Мысалы, Қызылорда облысында зертханалар тапшы. Ал Нұр-Сұлтанда 22 зертхана бар. Кейбір өңірлерде зертханалар арасында бәсеке дамымаған. ПТР-тестілеу сондықтан баяу жүріп жатыр. Валюта тәуекелдері бағаны реттеу кезінде ескерілсе екен. Тапқан ақшаны зертхана ашуға жұмсап жатырмыз. Біздің мекеме ғана пандемия кезеңінде зертханалар ашуға 1 млрд теңгедей қаражат инвестициялады», - дейді кәсіпкер.

Масканың да маркасы бар

Ал маска нарығында ешқандай монополия да, олгополия да жоқ. Пандемия кезінде рұқсатқа қолы жетпей жүрген бірнеше өндіруші мүмкіндік алып, өндірушілердің саны артқан. Соған қарамастан, маска бағасының қалай құбылғаны әлі елдің есінде. Серік Жұманғарин мұны әлемде бір мезетте пайда болған тапшылықпен байланыстырады.

«Күн сайын елімізде 1,2 млн дана маска өндіріледі. Ал тұтынуға ең көп дегенде 14 млн маска қажет. Бізде 2-3 есе тапшылық бар деп айтылып жүр. Негізінде тапшылық 12 млн данаға дейін жетуі мүмкін. Сырттан келіп жатқан реттелмейтін импорт нарығы бар. Қазірдің өзінде OLX арқылы 25 теңгеге маска сатып алуға болатынын анықтадық. Бірақ оның сапасы қандай екенін білмейміз. Қазіргі қымбатшылық тапшылықтың орасан болуынан қалыптасуда. Бәсеке тұрғысынан алсақ, мұндағы нарық идеалды. Ең ірі деген 9 ойыншының әрқайсының нарықтағы үлесі 5 пайыздан аспайды. Алматыда бір масканы 13 теңгеден ұсынып отырған өндіруші бар. Ал ең қымбаты 52 теңгеге дейін барады. Сонда баға ауытқуы 400 пайыз», - дейді агенттік басшысы.

Біздің елде масканың бөлшек саудадағы бағасын мемлекет бекіткеніне қарамастан, көрші елдерге қарағанда қымбат болып тұр. Көлеңкелі нарықта интернет арқылы арзан масканың сатыла бастауы осыдан болса керек. Қытайда қазір бір маска 22 теңге, Ресейде 25, Арменияда 29, Румынияда 39, Украинада 60 теңге тұрады. Бізбен Еуразиялық экономикалық одақ аясында бір ережемен өмір сүріп жатқан Ресейдегі бағаның да бізден төмен болуы агенттіктің назарына ілігіп отыр.

«Ресей бөлшек саудадағы медициналық маска бағасын реттеуге кіріскен жоқ. Әуел баста шарықтап кеткенімен, біртіндеп тұрақтанды. Біз сондықтан масканың бөлшек бағасын реттеуден бас тартуды ұсынып отырмыз. Біздегі дәріханалар желісі жақсы жолға қойылған. Солар арқылы ғана бағаға мониторинг жасай алар едік. Бағаны тым асырғандарға бірден жауап қатар едік. Ал қазір мемлекет бөлшек бағаны реттеп отырғандықтан, заң бойынша біз оған кірісе алмаймыз. Сондай-ақ, көлеңкедегі импорттық өнімдерге сертификат беру керек. Бәрі бір жұрттың қандай маска тағатынын реттеу мүмкін емес. Жоқтың қасында қандай болса да маска киіп жүргені қауіпсіз ғой», - дейді агенттік төрағасы.

Медициналық бұйым өндірушілер қауымдастығының өкілі Гүлнара Мұхамеджанова масканың қымбаттауын шикізат тапшылығынан қалыптасқанын айтады. Өйткені вирусты сүзіп қалуға қабілетті материалдың негізгі бөлігін Қытай өндіреді. Ал панедмия ең әуелі осы елде өршігені белгілі.

«Бізде әлі күнге дейін маскаларды санатқа бөлу жолға қойылмаған. Масканың түр-түрі бар. Қазір мемлекет бекіткен бағамен сапасы төмен маска да, сапалы маска да сатылып жатыр. Маскаға түскен вирусты сүзіп қала алатын мельтблаун материалы Қытайда ғана өндіріледі. Пандемия кезінде осы шикізат 20 есе қымбаттады. Шілдеде арзандағанымен, екінші толқын туралы айтыла бастап еді, қайта қымбаттатып жатыр. Ал медициналық қолғап тігуге қажет латекс матералын Малайзия мен Тайланд қана шығарады. Осындай жайттар бағаны реттеуге мүмкіндік бермейді», - дейді өндірушілер өкілі.

Өзіндік құнның құпиялары

Ресей нарығында біздегіден арзан дүние маска ғана емес екен. Індет өршіген кезде ел майшаммен іздеген қан сұйылтатын препараттар да көршімізде біздегіден әлдеқайда арзанға сатылуда. Зерттеуге алынған 10-нан астам дәрінің ішінде тек бір препараттың ғана біздегі бағасы Ресейдегімен шамалас. Қалған дәрілердің бәрі көрші елдегіден айтарлықтай қымбат. Серік Жұманғарин мұны бағаны реттеу саясатындағы ерекшеліктермен байланыстырады.

«Қазақстанда да, Ресейде де толайым бағаның шегі бекітілген. Қазақстанда да шекті бөлшек баға бар, Ресейде де солай. Мысалға «Тромбо АСС» дәрісін алайық. Бізде бөлшек баға 630 теңге, Ресейде 189,9 теңге. Немесе «Ксарелтаны» алайық. Екі елдегі бөлшек бағаның айырмашылығы жер мен көктей. Бөлшек бағаның шегін Ресей 22 мың теңге деп көрсетсе, бізде 46 мың теңге белгіленген», -дейді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, Ресей де, Қазақстан да дәрі бағасын салыстыра отырып белгілеу үшін референт елдердің тізімі жасалған. Қазақстан сол елдердегі бағалардан орташа бағаны есептеп, шек етіп алатын көрінеді. Ал Ресей тізімдегі ең төменгі бағаны шек етіп бекіткен.

«Бірақ бұл жерде Ресейдің нарығы ауқымды, коммерция үшін тартымды екенін ескеруіміз керек. Біздің нарық шағын. Сондықтан, өндірушіні қызықтыру үшін пандемия кезінде осындай баға қойылған болуы мүмкін. Бірақ сонда да бірнеше есе қымбат болмауы керек қой. Тағы бір қателік, бізде бағаны белгілеу кезінде маркетингтік шығындар ескеріледі. Ресей одан бас тартқан. Шешеуніктердің арасында жазылмаған «алтын заң» бар. Мемлекет өкілі ешқашан тауардың өзіндік құнына бас сұқпауы керек. Өйткені өндіруші тиімді өзіндік құнды бекіттіру үшін барын салады. Денсаулық министрімен сөйлестік. Осы тәсілді сәл де болсын түзету жұмыстары жүріп жатыр», - дейді ол.

Агенттік медциналық бұйым мен дәрі-дәрмек жеткізушілерге баға саясатын бірлесіп отырып дайындауды, сол арқылы әділ бәсекелестікті қалыптастыруды ұсынып отыр. Ал пандемия қайтадан күрт өршіп, баға ырық бермей кетсе, құзырлы орган ең ақырғы көзірін шығаруы мүмкін. Алайда бұл тәсіл агенттік тарихында бір-ақ рет қолданылған екен.

«Біз қажет болса, кез келген қызмет пен тауардың бағасын 180 күнге белгілей аламыз. Белгілі бір өңірге де, тұтас республика бойынша да осылай істеуге құқымыз бар. Бірақ бұл тәсіл бір-ақ рет қолданылды. Маңғыстау облысында сығымдалған газ бағасына қатысты қиындық туындағанда осы тәсілге жүгінгенбіз», - дейді Серік Жұманғарин.

Алтай Ертіс
Соңғы жаңалықтар