Қамшының 11 түрін өреміз - шығысқазақстандық шебер

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өрімші болу оңай емес. Қара қайыстан таспа тіліп, өрім өру екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Бастаушы ауылының тумасы Айдос Ермекұлы осы өнерді меңгеріп, табыс көзіне айналдырып отыр. ҚазАқпарат тілшісі 37 жастағы шеберді әңгімеге тартып көрген болатын.

- Өрімшілікке қызығушылығыңыз қалай оянды?

- Өрімшілік өнерге жастайымнан қызығушылық таныттым. Атам да өрімші болған. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, сол атама еліктеп өстім. Қайыстан өрім өріп, таспа тілуді кәсіпке айналдырып жүргеніме биыл он жылдай болды. Алғашында қамшы өруден бастадым. Бүгінде ат әбзелдерін жасаумен де айналысамын. Әрбір қазақ шаңырағы қамшыны әрі қару, әрі құрал, әрі қастерлі мұра санаған. Қазір көп үйдің төрінде ілулі тұрған қамшыны көреміз. Мұның бәрі ата-бабаларымыздың қамшыны жанына серік етіп, киелі әмбебап дүние деп түсінуінен.

- Қамшының қанша түрін жасайсыз?

- 11 түрін жасаймыз. Солардың бірі – Бала қамшы. Оны дүниеге сәби келгенде бәле-жаладан сақтасын деп бесігінің басына қояды. Есейгенде бәйгеге шабады. Таңбалы ру қамшы жасаймыз. Ертеде қолында қамшысы бар адамдар бір-бірінен руын сұраспаған. Себебі, қамшыда әр рудың өзіндік таңбасы болыпты. Тағы бір ерекше туындымыз – Қара дойыр хан қамшысы. Мұны қарудың орнына ұстаған. 12 өрім, салым түйін. Шенді адамдардың қолында болған. Бәйге мен көкпар қамшысы көп сұранысқа ие. Сондай-ақ, шеберханамызда Сыйлық қамшы, Береке қамшы, Ақпейіл қамшы жасалады.

Қамшыны үйге ілу әдебі де бар. Ең дұрысы – бүктеп ілген дұрыс. Себебі, ерінен айрылған әйелдің төрінде қамшы салбырап ілініп тұрады. Сол жағын ескеруіміз керек. Қамшыны қазақ өмірінен бөле қарауға болмайды. Ертеде бабаларымыз басқа ру-тайпамен құда болғысы келсе, сол үйге қонаққа барып, кетерінде қамшысын босағасына іліп кеткен екен. Ол да үлкен көрегенділік.

- Қолыңыздан шыққан туындыларыңыз көркемдік жағынан да, сапасы жағынан да ерекше екен. Тапсырыстар жиі түсіп тұра ма?

- Қамшының сабына қызыл тобылғы пайдаланамыз. Ал теріге келетін болсақ, отандық тері өңдеу зауыттарына тапсырыс береміз. Жасалған өнімдерімізге тұтынушылар дән риза. Тапсырыстар аз түсіп жатқан жоқ. Қазақстанның барлық дерлік өңірінен хабарласады. Әсіресе, оңтүстік пен батыс жақтардан тапсырыс басымырақ. Көбісі тойда немесе көрімдікке қамшы сыйлағысы келеді. Біреу көлік алса, ұлды болып жатса да, қамшы беріп жатады.

Бүгінде Алматы қаласынан шеберхана аштық. Оның атауын «Мирас» деп қойдық. Себебі, бабалар өнеріне мұрагерлік ету – біздің азаматтық міндетіміз. Ұжымда алты шебер жұмыс істейді. Әрқайсысының еңбек бөлінісі бар. Бір өкініштісі, жастар бұл саладан алыстап барады. Өнер шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Қызығушылық болмаса, еш нәтиже шықпайды. Сондықтан, өрімшілікке қызығушылық білдірген азаматтарға барынша үйретуге тырысып жүрмін. Қазір қосымша тағы бес адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігіміз бар.

- Қандай ат әбзелдерін жасайсыз?

- Ертоқым жасауды жетік меңгердім деуге болады. Сонымен қатар, жаттығуға арналған көкпар серкесін де тігемін. Ердің ағаштарын қарағаштан жасаймыз, себебі ол сапалы келеді. Оның ұзындығы 59-62 сантиметрдің арасы болуы керек. Одан қысқа болса, аттың бүйірін басып тастайды, сондықтан барлығын ескереміз. Шеберханамыздан ұлттық нақыштағы қолөнердің 5-6 түрі шығады.

- Етік те тігеді екенсіз. Сол жайлы айтып өтсеңіз...

- Етіктің бірнеше түрін тігеміз. Мысалы, көкпар етік, бәйге етік, саптама етік, күнделікті тұрмысқа киетін етік. Сонымен қатар, жаттығуға арналған көкпар серкесінің алғашқы нұсқаларын да тіктік. Байқауымша, қолөнер Шығыс Қазақстан өңірінде жақсы дамып келеді. Осы орайда, жастарға ұлттық өнерімізді ұлықтауға мүмкіндік туғызған жанашыр ағаларымызға алғыс айтамын. Құдайға шүкір, туындыларымыз шетел асып, өзге ұлт өкілдерінің де көңілінен шығып жүр. Атап айтқанда, Қырғызстан, Өзбекстан, Рессей, Тәжікстан елдерінен тапсырыс алдық.

- Бала-шағаңыз бар ма?

- Иә. Көпбалалы отбасымыз. Әйелім екеуіміз 6 бала тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым еркін жүзуден жаттықтырушы.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар