«Қамқор Локомотив» ЖШС: Жыл басынан бері 4,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин жұмыс сапарымен Атбасар ауданында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Сапар барысында аймақ басшысы «Полтавка-2» жəне «Әріп-Агро» серіктестіктеріндегі  егін орағы жұмыстарының барысымен танысты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті.

Аталмыш шаруашылықтардың егіс алқаптарында астық жинау жұмыстары қызу жүргізілуде. Диқандардың  айтуынша, биылғы жаздағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан егін бітік шығып, мол астық жиналады деп күтілуде.

«Полтавка-2» ЖШС директоры Николай Белобров биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының аумағы 18 мың гектардан асатынын атап өтті. Оның ішінде дəнді дақыл, майлы дақылдар жəне мал азығы бар.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары жəне жұмысшыларымен кездесті. Жүздесуде егіннің шығуы, жинау мерзімі жəне жұмысшылардың жағдайы мен еңбекақылары туралы айтылды.

Сонымен қатар, Мəлік Мырзалин Атбасар қаласында салынып жатқан 45 пəтерлі алты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Төрт үй республикалық, бір үй облыстық, бір үй мемлекеттік бағдарлама есебінен салынуда.

Облыс əкімі құрылысқа Ақмола облысында  жасалған құрылыс материалдарын пайдалануды, сондай-ақ жұмысты сапалы əрі қарқынды жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшысы «Қамқор Локомотив» серіктестігінің Атбасар электровоз жөндеу зауытын аралап көрді. Зауыт директоры Марат Жапаров кәсіпорынның  ВЛ-80, ВЛ-40 электровоздары локомотивтеріне күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, техникалық қызмет көрсететіндіктерін айтты. Мұнда локомотивтің қосалқы бөлшектері де жасалады. Жыл басынан бері 4,8 миллиард теңгенің өнімі шығарылған. Зауытта 1411 адам жұмыс істейді. Кəсіпорында жұмысшыларға əлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған.

Сапар соңында аймақ басшысы Мəлік Мырзалин бюджетті орындау жəне ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлерді тиімді пайдалану мәселелері бойынша мәжіліс өткізді.

Соңғы жаңалықтар