Камералардан көше тыныштығын үздіксіз қарап отырамыз - ақтөбелік полицей

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығында еңбек ететін Алмат Ұлықпанов камералар арқылы көше тыныштығын бақылап отырады. Ол ұсақ бұзақылық, отбасылық кикілжіңдер, түнгі тыныштықты бұзу, ұрлық секілді қылмысты қалт жібермейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алмат Ұлықпанов алғашында Жергілікті полиция басқармасының жол-патрульдік полиция батальонында жұмыс істеді. Қырағы әрі өз ісінің шебері көп ұзамай 102 телефонына келіп түскен қоңырауларды қабылдап, әріптестерін дер кезінде оқиға орнына жіберумен шұғылдана бастады. Қазір ол қаладағы камераларды қарап отырады. Әрі өз ісінің маманы соңғы үш жылда «Үздік полицей» атағын иеленіп жүр. Еңбек жолын 2011 жылы бастаған жас сақшы аз уақыт ішінде бірнеше қылмыскерді ұстаған.

«Батальонда еңбек еткен жылдарым мен үшін үлкен сабақ болды. Алғаш жұмысқа кіріскенде тәжірибе жинап, адамдармен тіл табысуды үйрендім. Қазір жедел басқару орталығындамын. Әр жұмыстың өз жауапкершілігі бар. Қай салада болмасын ісіңе мұқият қарап, тындырымды болуға ұмылу керек. Мұнда 102-ге келіп түскен ақпараттарға саралап, қажет кезде полиция жасақтарын жіберу, оқиға орынына тез жету жағы маңызды. Қазір бізде бейнебақылау камераларының саны көбейді. Сапасы да жақсы. Қаладағы көпқабатты үйлердің аулалары мен қоғамдық орындар, сауда үйлері, саябақтар, демалыс орындары, мектеп, балабақшалар, оқу орындары, әкімшілік ғимараттар, көше қиылыстары, базарлар маңы жіті қадағаланады. Бейнебақылау камераларының көбейгені тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді. Әрине күнде түрлі жайттарды бақылап отырамыз. Көбінесе ұсақ бұзақылық, отбасылық кикілжіңдер, түнгі тыныштықты бұзу, ұрлық секілді оқиғалар тіркеледі. Жаз айларында дәмхана, мейрамхана маңындағы төбелестердің алдын алуға септігімізді тигіземіз», - деді Алмат Ұлықпанов.

Полиция қызметкері қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрғындардың тыныштығын сақтау басты міндетіміз деп санайды. Әртүрлі жағдайда өзіңді психологиялық тұрғыдан да ұстай білу, жұмысқа жауапкершілікпен қарай білу қажет. Мақсаты мен міндеті айқын полиция қызметкері өзі куә болған бірнеше оқиғаны еске алды.

«Ақтөбе қаласындағы автовокзал маңында күндіз қарт кісінің қалтасынан ақшасын алып, екі бұзақы көз алдымда қаша жөнелді. Олар жақын маңдағы жатақханалардың біріне бет алды. Мен қуа жөнелдім. Екеуі бесінші қабатқа дейін көтерілді. Біреуі қарсылық танытты. Әскери самбоның әдістерімен біреуін жерге құлаттым. Осы кезде көмекке жанымдағы әріптесім Аслан Қалдығұлов келіп үлгерді. Тағы бірде Ақтөбе су қоймасы жағасында пышақ жарақатын алған ер адамның денесі жатқаны туралы ақпаратпен жолға шықтық. Қыс айы, күн аяз әрі боран болып тұр. Су қоймасы жағасына көлік бармайды, жаяулатып жеттім де сай жағалап кетіп қалған адамның ізіне түстім. Онда да әріптесім Аслан Қалдығұлов екеуміз кісі өліміне күдіктіні ұстадық. Екі ер адам бірге ішімдік ішіп отырып, өзара сөзге келіп, бірі екіншісін пышақтап, өлтірген. Міне, осындай кездерде үлкен жауапкершілікпен қатар табандылық, қайсарлық керек. Біз аптасына екі рет дене шынықтыру сабақтарына үзбей қатысамыз. Өзім волейбол ойнағанды ұнатамын. Біз денсаулығымызға жіті көңіл бөліп, әскери даярлығымызды шыңдап жүреміз», - деді ол.

Алмат Ұлықпановтың ата-анасы дәрігер. Ал өзі әулеттегі алғашқы тәртіп сақшысы.

«Жұмысым өзіме ұнайды. Біз халықтың игілігі, тыныштығы үшін уақытпен санаспай, күні-түні еңбек етеміз. Жұбайым әркез түсіністікпен қарап, моральдық тұрғыдан қолдау танытады. Біздің екі баламыз бар», - дейді полиция лейтенанты Алмат Ұлықпанов.

Соңғы жаңалықтар