Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстарға жаза қатайтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстардың жазасы күшейтілді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Кейбір заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді. Биылғы 11 қаңтардан бастап, бұл өзгерістер заңды күшіне енді. Осылайша, балаларға қарсы жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстың кез келген түріне жауапкершілік қатаңдатылды», - деді ресми өкіл министрлікте өткен онлайн брифингте.

Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасағаны үшін санкциялар күшейтілді.

«Мәселен, Қылмыстық кодекстің 120-бабы «Зорлау» қылмысы бойынша айтар болсақ, төменгі шегі 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруға өзгертілді. Ата-анасының, өгей әкесінің, педагогтің осындай қылмысқа барғаны үшін санкция 17 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтылды. Бұрын бұл норма бойынша 12-17 жыл бекітілген еді», - дейді Н. Ораз.

Осындай өзгерістер Қылмыстық кодекстің 121, 122, 123, 124, 134,144, 312-баптарына да енгізілді.

«Бұл бастама кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық әрекеттері мен қылмыстарды ауыздықтайды деген үміт бар», - дейді Нұрділдә Ораз.

Айта кетейік, жыл басынан бері 6484 қылмыс жасалды, оның 4321-і тәулік ішінде ашылды.


Соңғы жаңалықтар