Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталды – ІІМ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Stop-трафик» операциясының нәтижесінде жезөкшелік қызмет көрсеткен 20-дан астам притон анықталды. Бұл туралы апталық жұмыстардың қорытындысы баяндалған брифинг барысында Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

««Stop-трафик» операциясының кезекті кезеңінде жезөкшелік қызмет көрсеткен 20-дан астам притон анықталды. Оның ішінде 1 факті еңбекке пайдалану мақсатында адамды ұрлау, 3 факті адам саудасы, 4 факті жезөкшелікпен айналысуға тарту, 2 факті кәмелетке толмағандарға қатысты және 5 факті кәмелетке толмағандарды сату. Сондай-ақ жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа арналған притондарды ұйымдастырудың 28 жағдайы анықталды. Бұдан бөлек, жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа арнайы үй-жайлар бергені үшін – 20, ал интимдік қызметтер мен қайыр сұрауға байланысты 294 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді», - деп атап өтті баспасөз қызметінің өкілі.

Сонымен қатар Шымкент қаласының полицейлері құрамына 11 адам енген ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетінің жолын кескен.

«Олар ұзақ уақыт бойы Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларының аумағында жыныстық пайдалану мақсатында адам сатумен, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқан. Олар Қазақстанның түрлі қалаларынан жас қыздарды әлеуметтік желі арқылы жақсы жұмыс ұсына отырып, теріс әрекетін іске асырған. Құжаттарын алып қойған, табысты өздері иеленген. Қарсылық көрсеткен жағдайда соққыға жығып, есірткі қолдануға мәжбүрлеген. Аталған факті бойынша ұйымдасқан топ құру, оған басшылық ету, адам саудасы сияқты баптар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Оның мәліметінше, мұндай жағдай Абай облысында да тіркелген. Онда 32 жастағы әйел адам кәмелетке толмаған 17 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға тартқан. Ал табысын өзі иемдеген. Күдікті әйел ұсталып, қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар