Кәмелет жасқа толмаған ақтөбелік жалған ақпарат берді - ІІД

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Керуен» сауда  ойын-сауық кешеніне «жарылғыш зат қойылды» деп хабарлама таратқан адамның кім екені белгілі болды. Облыстық ішкі істер департаменті телефон арқылы ақпарат берген адамның кәмелет жасқа толмаған бала екенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін жергілікті сағат 09:40-та «102» нөміріне «Керуен» сауда  ойын-сауық кешеніне жарылғыш зат қойылды деген ақпарат түскен. Кейін оқиға орнына құқық қорғаушылар мен арнайы жасақ жедел жетті. Ғимарат іші мен жан-жағын тінту кезінде ешқандай да күдікті зат табылмады.

«Жедел іздестіру кезінде полиция қызметкерлері телефон шалған адамды анықтады. Ол Ақтөбе қаласының кәмелет жасқа толмаған тұрғыны болып шықты. Бала ата-анасына қайтарылды. Оқиға бірыңғай реестрге тіркеліп, тергеу жұмыстары басталды. Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі бойынша жалған хабарлама беру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр», - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі бойынша жалған хабарлама беру» бабы аясында 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 1 миллион теңге айыппұл төлеу жазасы қарастырылған. 

Соңғы жаңалықтар