Қамбарата-1 СЭС-нің құрылыс шығындарын үш ел тең бөліп көтереді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қамбарата-1» СЭС-нің құрылыс шығындарын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз тараптары тең бөліп көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Энергетика министрлігінің ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында айтылған.

«Биылғы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Өзбекстан Республикасының энергетикалық ведомстволары жобаны тепе-тең негізде іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды.

Қазіргі уақытта тараптар үкіметаралық келісімге қол қою мәселесін пысықтауда. Жобаны іске асырудың негізгі шарттары соның шеңберінде айқындалады. Бұл ретте жария талқылау және келісу бөлігінде халықаралық шарттар туралы заңнаманың талаптары сақталады», - делінген жауапта.

Ведомствоның мәліметі бойынша, жобаның нақты құны әзірге белгісіз.

«Жобаның негізгі техникалық шешімдері мен құнын айқындау мақсатында тараптар техникалық-экономикалық негіздеме әзірлейді. Тараптардың үлесі жобаға қатысу үлесіне сәйкес айқындалатын болады», - деп жазады министрлік мамандары.

Фото:twitter.com/trtavazkirgizca

Соңғы жаңалықтар