Қамауға алынған Бұрхан Жансейітов адвокат емес – Республикалық адвокаттар алқасы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Республикалық адвокаттар алқасы құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтіргені үшін ұсталған заңгер Бұрхан Жансейітов адвокат емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы мониторингі органдары адвокат Бұрхан Жансейітовті ұстағаны туралы ақпарат БАҚ-та таралуына байланысты Республикалық адвокаттар алқасы бұл адамның адвокат болып табылмайтынын хабарлайды», - делінген мәліметте.

Бұл ретте Республикалық адвокаттар алқасы Б. Жансейітовке қатысты тергеуді заңды қатаң сақтай отырып жүргізуді сұрап отыр.

«Адвокаттар өз жұмысында Әдеп кодексін басшылыққа алады. Оған сәйкес кәсіби қызметте олар кәсіптің беделіне қамқорлық жасап, мораль мен заңның үстемдігі принциптерін орындайды. Дәл осындай талаптар жоғары заңгерлік білімі бар кез келген адамға қатысты болуы керек деп санаймыз. Бұл ретте заң кеңесшісі Бұрхан Жансейітовке қатысты тергеуді заңдылық қағидатын қатаң сақтай отырып және жасаған әрекетіне құқықтық баға бере отырып тергеу жүргізілуін сұраймыз», - деді Республикалық адвокаттар алқасынан.

Сондай-ақ судья, прокурор, тергеуші, заң консультанттары мен заңгерлердің заңға қызмет ету деген бір ғана міндеті бар екені атап өтілген.

«Адвокаттардың құқықтарына немқұрайлы қараудың кең таралған тәжірибесі, адвокаттық қызмет кепілдіктерін өрескел және жүйелі түрде бұзу барлық заң мамандықтарына ортақ құндылықтарды жояды, жанжалдарға және бір-бірінің ұстанымын қабылдамауға әкеледі. Мұның бәрі әділ және заңды мемлекеттің қалыптасуына кедергі келтіреді», – деп хабарлады республикалық адвокаттар алқасы.

Еске салайық, 15 шілде күні Қаржы мониторингі агенттігі Алматыда заңгер Бұрхан Жансейітовтің ұсталғаны туралы хабарлаған болатын.

Ал бүгін Алматы қаласы тергеу сотының қаулысымен Б.Жансейітов 2 ай мерзімге, яғни 17 қыркүйекке дейін үйқамаққа алынатыны мәлім етілді.

«Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаудан бас тартылды», - деді Алматы қалалық сотынан.


Соңғы жаңалықтар